Сыр елінде әлеуметтік әріптестік артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елінде әлеуметтік әріптестік артып келеді

19.08.2022

Биыл Сыр елінде шаруалар былтырғыдай судан тапшылық көрген жоқ. Бұл тұрғыда Президент тапсырмасының орындалуы, үкіметаралық келісімдердің тиімді жүзеге асуы ұйытқы болды. Жақсы өнім жинағалы отырған Қызылорда облысындағы шаруашылықтар әлеуметтік әріптестік бағытында ауылдарды абаттандыру үрдісін үздіксіз жалғастырып келеді.

Аймақта халықты жергілікті өніммен де, жұмыспен де қамтып, одан қалды экспортты ұлғайтып, әлеуметтік әріптестікті де алға оздырып отырған шаруашылықтар бар. Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев жетекшілік ететін «Абзал және К» ТС ауылды абаттандыру, әлеуметтік қамсыздандыруға 797 млн.теңгеден астам қаржы бөлген.

Батырбек Опаев, «Дәнекер» ЖШС өкілі:

Ал, Жалағаш ауданы «Таң» ауылындағы «ТАҢ ЛТД» серіктестігі елді мекенді абаттандыру және тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру бағытына 701 млн.теңге қаржы бөлді. Биыл бұл шаруашылық күріштің әр гектарынан 65-70 центнерден өнім алуды көздеп отыр.

Биыл жергілікті билік егін, бақша егуге икемі бар отбасыларға бос жерлерді табыстаған-ды. Бұл да болса айтарлықтай көмек. Айтпақшы, күрішке орақ апта соңында түсе бастайды.

Азамат Әуезхан


Хабарламаларға жазылу