Түркістан облысы, Жетісай ауданында он жыл бұрын салынған канал бұзылып, су өткізу мүмкіндігі он есе төмендеп кеткен. Салдарынан егіншілікпен күн көріп отырған диқандарға су жетпей жатыр. Ауыл тұрғындары каналдың жыл өткен сайын тозығы жетіп, жан-жағы опырылып жатыр дейді. Нәтижесінде көпірлер мен жолдар бұзылған.
Бұл жетісайлық шаруалардың жанайқайы. 86 мың гектар алқапты ағын сумен қамтиды деп салынған каналдың қазіргі жайы адам аярлық. Үкіметтің 13 млрд теңгесі желге ұшты деп күйінеді олар. Жыл сайын жөндегенімен пайда жоқ. Жерасты суын реттейтін дренаждар жұмыс істемей, егістік қурап қалды. Халық бұл мәселені 10 жылдан бері көтеріп келеді, бірақ нәтиже шамалы.
Талғат Әшеков, Асық ата кентінің тұрғыны:
Шеткі ауылдарымыз яғни каналдан алыста тұрған су жетпей, шырылдады. Көбісі насос қойып кетті. Алдағы уақыттарда осы канал мәселесі, тік дренаж мәселесі шешімін таппайтын болса, біздер жерден ешқандай өнім ала алмай, үкіметке қол жаюға мәжбүр боламыз.
Бастапқы жоба бойынша канал суармалы егістікті 250 млн текше метр сумен қамтиды деп жоспарланған, қазір небәрі 24 млн текше метр су босатылып жатыр. Ауданда 40 мыңдай тұрғын егістіктен нәпақа тауып отыр. Алайда шілдеде Өзбекстан тарапы ағын суды азайтып, шаруалардың күні осы каналға түседі. Бұзылған каналдың суы кей кездері жерасты суымен қосылып, жолдар мен электр бағаналарын құлатып кеткен кезі де болды. Тіпті ауыл іргесіндегі қорымды да су шаю қаупі төнген.
Қалдыбек Назаров, шаруа:
Екі шеті опырылып, жылдан жылға құлап бара жатыр. Арнасы кеңейіп бара жатыр. Арық құлап жатыр жылдан жылға. Одан кейін жанымызда әулиеміз бар, мазаратымыз. Ауылдың үлкен әулиесі, осы арнасы құлап құлап, уже әулиеге тақалған. Бұл жылдан жылға ремонттайды, бірақ нәтижесі жоқ.
Канал мәселесін жауапты министрлік те, облыс басшылығы да жақсы біледі. Бірақ ешбір әрекет етпеген. Ал суға жауапты «Қазсушар» мекемесінің мамандары арнаның бұзылуына жерасты суының көтерілуі мен жауын-шашынның жиілеуі себеп дейді. Жыл сайын миллиондаған ақша бөліп, жөндегенімен ретке келтіре алмадық деп отыр. Үш жыл бұрын каналды жаңғырту бойынша жоба да жасалған. Алайда үкімет тарапынан қолдау таппапты.
Дархан Ысқақ, "Қазсушар" РМК Түркістан филиалының бас инженері:
Жерасты беткейлері жылжуын болдырмау, деңгейді көтеріп, қосымша он километрдегі деңгейді көтеру жобада қаралған жұмыстары, бірінші этапы. Екінші, үшінші этап жаңағы бетондау және насос, қосымша насостарды қосу. Бірақ үкіметтен қолдау таппай, қазір мемлекеттік сатып алу гос экспертиза заключениесінің уақыты өтті.
Енді бұл жобаны өзгертіп, үкімет қарауына қайта ұсынамыз дейді мамандар. Проблеманы шешудің өзге жолы жоқ екенін айтады. Ал жөндеуге қажетті деген 11 млрд теңгенің нақты қашан бөлінетіні белгісіз. Төзімі таусылған жетісайлық шаруалар мәселені жуық арада шешпесе, елордаға барып көмек сұрауға бекініп отыр.
Айнұр Ақбаева