Елордада республикалық тамыз конференциясы өтті. Барлық өңірден жиналған ұстаздарға министр Асхат Аймағамбетов алдағы оқу жылында қандай өзгерістер болатынын айтып берді. Басты жаңалықтардың ішінде мұғалімдер мен тәрбиешілердің айлық жалақысын көтеру, оқу жылының ұзаруы мен мектептерде бес күндік жұмыс аптасының енгізілуі бар.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:Келесі оқу жылынан бастап үш ауысымда білім беретін мектептерді қоспағанда, барлық білім ордаларын бес күндік жұмыс форматына көшіру туралы шешім қабылдадық. Бұл мектеп директорларына да, мұғалімдерге де және барлық қызметкерлерге де қатысты. Мұғалімдер сенбі күні демалуы, балаларының қасында болуы қажет деп санаймыз.