Қарағанды облысында халықаралық мергендер жарысы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында халықаралық мергендер жарысы өтуде

19.08.2022

Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу полигонында халықаралық әскери ойындар шеңберінде «Тактикалық мерген» жарысы өтуде.

Оған Армения, Беларусь, Вьетнам, Қытай, Мали, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінен барлығы 60 қатысушы келген. Барлығы жеті түрлі кезеңнен тұратын жарыстың төртеуінде қазақстандық атқыштар озық шықты. «Біліктілік», «Жаралыларды эвакуациялау» және «Қорғаныс» жаттығуларында еліміздің әскери қызметшілері өзге командаларды артта қалдырды. Жеке есепте қазақстандық жауынгерлерге тең келер ешкім болмады.

Айта кету керек, мергендерге берілген тапсырмалар өте күрделі. Мысалы, олар жұппен жүріп, ғимарат ішіндегі 10 шартты жауды жойып, нысанды толықтай басып алуы тиіс. Кейін сол ғимаратты өзі қорғап, тар қалтарыстардан 300 метр қашықтағы нысаналарды түгел сұлатып салуы керек. Сөйте жүріп, өз жеке бас қауіпсіздігін ұмытпай, тактикалық тұрғыда дұрыс қорғануы қажет. Ал соңғы кезеңде қарсылас команда өкілдерімен бетпе-бет ұрыс жасайды. Ел намысын қорғап жүрген отандастарымыз мұндай әскери ұрыс қимылдарына әбден машықтанған. Жарыста жақсы нәтижелер көрсетуде.

Ризабек Еламанов, Қазақстан құрамасының жаттықтырушысы:

Өткен сайыстарды көріп, қалай дайындалуын білдік. Екіншіден, біздің жабдықтарымыз, қару-жарақтарымыздың барлығы заманауи, жоғары деңгейде болуы. Үшіншіден бізге күш-қуат беретін, намысымызды көтеретін бұл туған жеріміз.

Аягөз Оралбайқызы, Дүзелбай Нұрбай

Хабарламаларға жазылу