Ақтөбеде тұрғындар өздеріне тиесілі пәтерлеріне кіре алмай жүр. Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйдің құжаттары қолдарында. Алайда 3 жыл өтсе де тұрғындар әлі онда кірген жоқ. Көбі пәтер жағалауға мәжбүр. Оқу жылы таяп қалғандықтан балаларын қай мектепке берерлерін білмей дал болуда.
Жаңа үйге кіремін деп қуанғандардың бірі Жанат Төреахметова. Ол 20 пайыз алғашқы жарнасын төлеп, үш бөлмелі пәтер алған. Алайда әзір жаңа баспананың қызығын көре алар емес. Оқу жылы жақындап қалғандықтан балаларын қай мектепке берерін де білмейді.
Жанат Төреахметова, қала тұрғыны:
Үйдің қасында деп қуанып едік өздері барып, өздері келеді деп. Тілегіміз үйді қашан тапсырады, қашан береді. Балдардың да сұрағы сол. Оларға да не айтарыңды білмейсің. Қашан көшеміз, қашан көшеміз деп.
Пәтер иелерінің көбі ауылдық жерде тұрады. Олар бұған дейін әкімдікке бірнеше мәрте шағымданған. Бірақ, одан нәтиже болмай тұр. Айтуларынша, қазір үй құрылысы 95 пайызға аяқталған. Тек есіктер мен жуынатын бөлме жабдықтары ғана қойылмапты.
Шаңдыбай Сәдуов, қала тұрғыны:
Материалдар далада жатыр. Қаншама халықтың ақшасы. Подвалдан насос ұрлап кеткен дейді. Осындай жағдай. Әкімдер қайда қарап отыр? Депутаттар қайда қарап отыр, халықтың жағдайын айтатын.
Тұрғындардың айтуынша, құрылысқа жауапты мердігер мекеме бірнеше рет өзгерген. Жұмыстың ұзақ уақытқа тоқтағанын аулада іске жарамсыз болып жатқан мына құрылыс материалдарынан да аңғару қиын емес. Бұл үйдің құрылысына 500 млн 634 мың теңге бөлінген.
Бауыржан Жантөрин, қалалық Құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
Мердігер құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жұмысты уақытша тоқтатты. Қазір қосымша қаржы көздері қарастырылып жатыр. 2020-сыншы жылға дейін басталған 7 нысанның құрылысын осы себеппен бітіре алмай тұрмыз. Қалай ақша бөлінеді, жұмысты әрі қарай жалғастырамыз.
Тұрғындарға осыған дейін салған ақшаларын қайтарып беру ұсынылған. Алайда ол талаппен ешкім келіспейді. Өйткені, соңғы 3 жылдың ішінде баспана бағасы екі есеге жуық қымбаттап кетті. Сондықтан тұрғындардың күтуден басқа амалдары жоқ.
Жақсыбек Кемал