Қазақстандық оқушылар енді 31 мамырға дейін оқиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық оқушылар енді 31 мамырға дейін оқиды

16.08.2022

48 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Жиында дизель отынының тапшылығы жайлы да сөз болды. Жыл сайын жиын-терім науқаны кезінде болатын проблеманы жауаптылар қалай шешпек? 

1 қыркүйекте еліміздегі 48 мектепте алғашқы қоңырау соғылмайды. Себебі күрделі жөндеу жұмыстары әлі бітпей жатыр. Жаңа оқу маусымына дайын емес мектептер 12 өңірде бар. Ең көбі - Батыс Қазақстанда. Мұндағы мектептердің жөндеу жұмыстары жылдың соңына дейін созылуы мүмкін. Тиянақсыз тірліктің зардабы балалардың білім алуына әсер етпеу керек дейді министр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Көрсетілген өңір әкімдіктері 48 мектепте оқыту процесін ұйымдастыру үшін уақытша сабақ өткізетін орындарды анықтап, балалардың жаңа оқу жылында қауіпсіз және қолайлы ортада білім алуына жағдай жасауы тиіс.

Ел бойынша 180 үш ауысымдық мектеп бар. Бұл мәселе әсіресе Алматы облысында өткір тұр. Оған қоса, апатты жағдайдағы мектептер тағы бар. Оны шешу үшін білім ұяларын уақытылы салу жоспары орындалуы керек дейді министр.

Әлеуметтік аз қамтылған балаларға материалдық көмек ақы ата-ананың есепшотына түседі. Олар мектеп формасы мен кеңсе тауарларын өздері таңдап сатып алады. Бір балаға кемінде 37 мың теңгеден беріледі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Алайда, қолдағы ақпаратқа сәйкес, слайдта көрсетілген 6 өңір балаларға мектеп формасын және кеңсе тауарларын алуға жеткіліксіз қаражат бөліп отыр. Осыған орай, әкімдіктерге қажетті қаражатты бөле отырып, мектеп формасы мен кеңсе тауарларының қолжетімді болуы үшін кешенді жұмысты жүргізуді сұраймыз.

Үкіметте алдағы оқу жылының жаңашылдықтықтары туралы да айтылды. Балалар 31 мамырға дейін оқиды. 192 күн демалып, тек 173 күн мектепке барады. Бір жарым миллион бала бес күндік оқу форматына ауысады. Бірінші сынып оқушылары тек ана тілінде оқиды. Екінші сыныпта орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов облыс әкімдеріне көмекке мұқтаж балаларды мемлекеттік қолдау шараларымен 100% қамтамасыз етуі қажеттігін тапсырды. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Мектеп тауарларын төмен бағамен сату үшін мектеп жәрмеңкелерін және шалғай ауылдарға шығатын автодүкендерді ұйымдастыру қажет. Сауда министрлігі «Атамекен» палатасымен және әкімдіктермен бірлесіп, мектепке қажетті керек-жарақтар бағаларының тұрақты болуын қамтамасыз етсін. Индустрия министрлігі «Атамекен» палатасымен бірлесіп, мектеп формасының құнына қатысты мәселені пысықтасын.

Баяғы жартас сол жартас. Күзгі жиын-терім науқаны басталды дегеннен диқандар дизель отынын іздеп әлекке түседі. Бұл үрдіс биыл да жалғастын түрі бар. Жанар-жағармайдың тапшылығы қазірдің өзінде байқалады. Премьер-министр осы проблема бойынша Энергетика министріне шүйлікті. Болат Ақшолақов болса, мәселенің шешу жолдарын қарастырып жатқанын айтады.

Болат Ақшолақ, ҚР Энергетика министрі:
Дизель отынына деген үлкен сұраныстың қалыптасу мәселесін шешу үшін барлық ресурстар, бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және автожанармай құю станцияларына бөлінетін болады. Екінші кезекте, қалған жанар-жағармай өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Қазақстан темір жолына бөлініп, жетпеген жағдайда – қажетті көлемдер импортталатын болады.

Үкімет басшысы жағдайды реттеу үшін министрлікке жанармай құю станцияларының иелерімен тиісті жұмыстар жүргізу керектігін тапсырды. Бастысы, дихандар мен ауылшаруашылық саласы зардап шекпеуі тиіс, деді. Сондай-ақ отандық тұтынушыларға және транзиттік автокөлікке берілетін жанар-жағармай бағаларын дифференциялау бойынша ережені тез арада қабылдап, 20 тамыздан бастап енгізу керегін айтты.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу