Елімізде оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде оқу жылы 31 мамырға дейін ұзартылады

16.08.2022

Білім министрлігі оқу жылын екі аптаға ұзарту жөніндегі ұсынысты мақұлдады. Енді бұдан былай сабақ 31 мамырда аяқталады. Жаңа талапқа сай, бірінші сынып 35 апта, қалған сыныптар 36 апта білім алады. Ал күзгі каникул 7 күн, яғни 31 қазаннан 6 қарашаға дейін, қысқы демалыс 9 күн, 31 желтоқсаннан 8 қаңтарға дейін, көктемгі каникул 18-інен 26 наурызға дейін созылады. Бірінші сыныптар үшін қосымша каникул 6 ақпаннан 12 ақпанға дейін жоспарланған.

Ал жазғы демалыс бірінші маусымнан бірінші қыркүйекке дейін жалғасады. Білім министрлігінің тиісті бұйрығы қазір Әділет министрлігінде қаралып жатыр. Оқу жылының созылуына қатысты ұсыныс жаз айында жарияланып, көп ата-аналар қарсы болған еді. Білім министрлігі өкілдерінің айтуынша, оқу жылын ұзарту арқылы күнделікті сабақ санын қысқартуға, күрделі тақырыптармен көбірек айналысуға, дамыта оқыту қағидатын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Биыл жаңа оқу жылынан бастап мектептерде апталық оқу жүктемесін азайту жоспарланған. 

Хабарламаларға жазылу