Қазақстан Тәжікстанның ең басты сауда серіктесі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Тәжікстанның ең басты сауда серіктесі болды

12.08.2022

Биылғы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан Тәжікстанның ең басты сауда серіктесі болды. Себебі біздің елден түскейдегі көршімізге көптеген тауар түрлері экспортталып жатыр. Оған сұраныс та жоғары. Жалпы былтыр Қазақэкспорттың қолдауымен 81 компания шетелдік нарыққа шықты.

Тәжік елі үшін Қазақстан стратегиялық маңызды серіктес саналады. Біздің ел ұн мен май, тыңайтқыш, жем, металды жеткізетін негізгі әріптес. Дегенмен алыс-берісті көбейтудің көкжиегі кең. Бұған ҚазақЭкспорт компаниясының қолдауы да үлкен көмек.

Аслан Калигазин, «KAZAKHEXPORT» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

«Біз сауда ынтымақтастығын одан әрі ынталандыруға және қазақстандық өнімді шетелде ілгерілетуді көздеп отырмыз. Жалпы, «KazakhExport» соңғы алты жылда Тәжікстанға экспорттайтын қазақстан компанияларына 21 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті. Биылдыққа қолдау көрсету көлемі 1,3 млрд теңгеден асты. Тәжікстанның «Амонатбонк» мемлекеттік банкімен ынтымақтастық аясында берілген аккредитивтер бойынша жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге автокөліктерді, өсімдік майын және арматураны жеткізу бойынша операциялар жүзеге асырылды.

Былтыр алғаш рет Тәжікстанның мемлекеттік Амонотбанкімен ҚазақЭкспорт келісім орнатты. Осының арқасында көлік пен металл өнімдерінің жаңа серпін келді. Қазір көрші мемлекетте Қазақстанда шығарылған көліктерге деген сұраныс жоғары.

Фируза Шамсиева, «Холдинг Азия Групп Таджикистан» ЖАҚ қаржы директоры:

Ең бірінші жоба такси қызметі үшін автокөліктерді жеткізу болды. Одан кейін қалааралық тасымал үшін автобустарды сатып алдық. 2021 жылдың желтоқсанында металл прокатын, өсімдік майын және автомобильдерді импорттадық. Жалпы құны 13 миллион доллар болатын жобалар жүзеге асырылды. Алдағы уақытта «KazakhExport» компаниясымен келісім-шарттарды ұлғайтуды көздеп отырмыз.

Бұдан бөлек Тәжік елінің әуе компаниясы Қазақстаннан 2 млн долларға тікұшақ сатып алған. Өсімдік майы мен тыңайтқыштардың және кондитерлік өнімдердің саудасы жолға қойылған. Жалпы 2016-жылдан бері Тәжікстанға тауар сататын 30 дан астам қазақ компаниясы 21 млрд теңгеге Қазақэкспорттың қолдауына ие болған.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу