Қант монополистерінің қызметі тексеріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қант монополистерінің қызметі тексеріледі

12.08.2022

Қант монополистерінің қызметін тексеру керек. Премьер-министр Әлихан Смайылов экономиканы Демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында осындай тапсырма берді. Елімізде қанттың негізгі көлемі Жамбыл және Алматы облыстарында орналасқан төрт зауытта өндіріледі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, елде өндірілген қанттың шамамен 90%-ын ірі көтерме жеткізуші сатып алған. Оның іс-әрекеттерінен тауарды айналымнан алып қою белгілері байқалып отыр. Салдарынан қанттың нарықтық бағасы 700-800 теңгеге дейін көтерілген, ал өндіруші зауыт оны 420-450 теңгеден сатады. Осыған байланысты монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеу тағайындалды. Жиында салаға бақылауды қатаңдату, импорттаушыларды биржа арқылы қант өткізуге міндеттеу ұсынылды. Премьер-Министр заңнаманы бұзу белгілері бойынша компанияға қатысты тергеуді жалғастыруды тапсырды. Әрі Сауда және интеграция министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және әкімдіктермен бірлесіп, отандық қант зауыттарына шикізат сатып алуға «айналым схемасы» бойынша қаражаттың бір бөлігін жіберу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу