Орал қаласының іргесіндегі ауылда балабақша жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал қаласының іргесіндегі ауылда балабақша жоқ

11.08.2022

Көпбалалы ана Мейрамгүл Төлегенова кондуктор боп еңбек етеді. Жұмыста жүріп, үйде қалған бес баласын уайымдайды. Ауылда балабақшаның жоқтығы ананың жанына қатты батады.

Мейрамгүл Төлегенова, көпбалалы ана:

Балалар көшеде жүреді. Көбінің мүмкіндігі жоқ Подстепноеға, Шағанға апарып тасуға. Ата-аналар жұмыста болады, үйде қалады. Өзім қазір жұмыста жүрмін, мысалы. Балалар үйде.

Барбастау ауылы Оралдан 30 шақырым жерде орналасқан. Мыңға жуық адам тұрады. Халық саны жылдан жылға көбейіп жатыр, алайда ауылда балабақша да, мектеп те жоқ. Бүлдіршіндер көрші ауылдарға баруға мәжбүр.

Күләйман Күлбарақова, ауыл тұрғыны:

Балабақша өмірі болған жоқ мұнда. Жыл сайын уәде береді болады деп, қалады. Бізге Подстепноеға апарған жақсы, себебі көліктер жүреді. Ал Шағанға бару үшін 500 теңгеге такси жалдауымыз керек. Госплемге 10 шақырым жер, қыста көктайғақ, қорқып отырасың балдар келгенше.

Соңғы жеті жылда бірде бір мемлекеттік балабақша салынбаған. Оған үкіметтің балабақша салуды мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке бергені себеп. Депутаттар бұл жоспардың ауылда жүзеге аспай отырғанын айтады.

Руслан Ибатов, Теректі аудандық мәслихатының депутаты:

1600 халқы бар Қараөзен деген іргелі ауыл бар. Сонда, мысалы, 100-ге жақын бала балабақша кезегінде тұр. Соның ішінде 45 бала тентіреп қасындағы Жалпақтал ауылындағы балабақшаға баруға мәжбүр. Ұсақ кәсіпкерлердің мұндай үлкен әлеуметтік нысан салуға қауқары жетпейді. Ал ірі кәсіпкерлер ауылдық жерге барып, әлеуметтік нысан салуға құлықсыз. 

Өңірде 12 мыңдай бала кезекте тұр. Бас аяғы 500-ден астам балабақша бар, оның 109-ы жекеменшік ғимаратта орналасқан.

Луара Батырғалиева, Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

Балабақша салуға құрылысқа қаржы бөлінген жоқ. Мектептердің күрделі жөндеу жұмыстарын, апатты жағдайдағы мектептердің ғимараттарын қалпына келтіру, қайта салу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ал Барбастауда аудан әкімдігі ұсыныс көтеріп жатыр, сол ауылдан білім мекемесін салу жөнінде. Ол енді қазір шешілетін мәселе емес қой. Егер мәселе шешіліп жатса, шағын орталық ашылса, тұрғындарына, халқына мүмкіндік болады.

Ал кезекте тұрған баланың ата-анасы balabaqsha.snathion.kz порталы арқылы жолдама ала алады. Бірақ сайттан қолайлы орын табу үшін кезек күту керек. Уақыты жоқтар әлеуметтік желідегі делдалдардың көмегіне жүгінеді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір әлеуметтік желілерден балабақшаға орналастырамын деген бірнеше адамның телефонын таптық. Қазір хабарласып көрейік. Саламатсыз ба! Балабашаға орын тауып бере аласыз ба? Қанша болады қызмет? - Иә, орын алып беру 12 мың. Очередьте тұр ма балаңыз. - Иә. - Болады ғой. Уатсапқа жіберіңіз пароль, данныйды. Жақсы, рахмет! Мінекей, осылай ешқандай кезексіз, сайттан да күтіп отырмай, оп-оңай орын алуға болады.

Яғни әлеуметтік желіде онлайн-бизнес қызып тұр. Ал ауылдарда кезекке тұрса да, орналастыратын балабақша болмай, мәселе жылдар бойы шешілмей келеді.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу