Алматының Әуезов ауданында көпқабатты үйде 190 лифт жаңартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматының Әуезов ауданында көпқабатты үйде 190 лифт жаңартылды

11.08.2022

Алматының Әуезов ауданында 97 көпқабатты үйде 190 лифт жаңартылды. Жыл соңына дейін тағы 12 жеделсаты ауыстырылады. Бұл туралы тұрғындармен кездесу барысында шаһар басшысы айтты. Жиынға қатысқан азаматтар әкімге түйткілді сауалдарын жолдап, жауап алды. Мәселен, аудан бойынша тұрақты су басудың 5 учаскесі анықталған. Бұл ретте, қала басшысы жыл соңына дейін су шығару каналдарын салуға уәде етті. Келесі жылға дейін 67 көшеде арық жүйесі қалпына келтірілмек. Қалада көпқабатты автотұрақтар салу бағдарламасы да әзірленеді. Өйткені шаһарда көлік көп, кептеліс жиі болады. Салдарынан жедел жәрдем, өрт сөндіру машиналары өте алмайды. Сонымен қатар, тұрғындар қалада жарықтың жиі сөнетініне шағымданды.

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:

Мен де пәтерде тұрамын. Біздің үйде де жарық күніне бірнеше рет сөнеді. Бұл жердегі мәселе - жарық желісінде. Оның 60 пайызының тозығы жеткен. Осыған қатысты «Алматы қала жарық жүйені модернизациялауға көшті. Келер жылдың еншісінде тұрған шаруа. Тағы бір айта кететін жайт – «Алматы қала жарық» енді ғана мемлекет меншігіне қайтарылды. Қыркүйектен бастап олар жақсы жұмыс істейді деген үміттеміз.

Фариза Мұсақызы


Хабарламаларға жазылу