Қазақ елі Абай Құнанбайұлының мерейтойын атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ елі Абай Құнанбайұлының мерейтойын атап өтті

10.08.2022

Семейдегі шаралар ойшыл ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мерекелік бағдарлама аясында кәсіпкерлер форумы, футбол матчы, бірнеше кездесулер ұйымдастырылды. «Абай күні» Елордадан арнайы келген Роза Бағланова атындағы «Қазақ концерт» ұжымының «Ұлы дала - Ұлы Абай» атты концертімен түйінделді.

Ақтоты Райымқұлова, Р.Бағланова атындағы «Қазақ концерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры:

Ең алдымен абай жерінен бастадық. Семей қаласында үлкен концерт береміз. Жобаның мақсаты – өнер шығармаларының қолжетімділігін арттыру. Өңірлерге бару. Шағын қалаларға, ауылдарға барып, өнерімізді көрсету.

Абай күнін атап өту – ұлттық мәдениет пен өнерге, ақындар мен жазушыларға, абайтанушыларға деген құрмет. Бұл туралы Алматыда Абай күніне арнап өткізілген шарада айтылды. Кеште Абайдың өлеңдері мен «Қара сөздері» оқылып, "Абай" спектаклінен үзінді көрсетілді. Сондай-ақ, еліміздегі жетекші баспалардың қатысуымен кітап көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Ұлы ақынмен аттас оқырмандардың қатысуымен «Атымды Абай қойған соң...» акциясы өтті.

Қали Сәрсенбаев, «Ана тілі» газетінің бас редакторы:

Абай күні ұлттық деңгейде кең көлемде аталып өтуі керек. Әр отбасынан деп те айтуға болады. Өйткені, Абай әр отбасыда тууы керек. Әр оқулықтың бетіп ашқанда Абай тұруы керек. Ол басқаларды кемсіткендік емес. Абайдың орны бөлек.

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Абай тағылымы» атты әдеби-мерекелік шара өтті. Абай күніне орай ұйымдастырылған кешке дипломатиялық елшілік өкілдері, зиялы қауым, ғалымдар және хакімнің ұрпақтары қатысты. Сонымен қатар, «Абай әлемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Онда ақынның сирек кездесетін қолжазбалары мен көне кітаптары қойылды. Жас оқырмандар Абай мүшәйрасына қатысып, ақынның жырларын жатқа оқыды.

Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:

Абай жолын осы күнге дейін оқымаған оқырман болса, сол барып Абайды іздесе, Абаймен ізденсе, Әуезовтың «Абай жолын» қолына алса – біздің мақсаттың, мүдденің орындалғаны деп білемін.

Мемлекет басшысы биылғы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында Абай облысы құрылатынын айтқан еді. Президент әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жарлыққа 4 мамырда қол қойды. Ол 8 маусымнан бастап күшіне енді. Статистика бойынша елде Абай есімді 18 мыңнан аса адам тұрады. Ал, ақынның шын есімі Ибраһиммен аттас 27 мың тұрғын бар. Республика бойынша 38 елдімекен мен бір қала «Абай» есімімен аталады

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу