Абай облысындағы Тоқтамыс ауылында еңбек адамдарына құрмет көрсетілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы Тоқтамыс ауылында еңбек адамдарына құрмет көрсетілді

10.08.2022

Дәулет Мұхтаров Тоқтамыс ауылының тумасы. Өңірдегі ең ірі шаруашылықты басқарады. Адал еңбек, маңдай тердің арқасына өрісті төрт түлікке толтырған. Бірнеше отбасын жұмыспен қамтып отыр. Өз ісін ғана өркендетпей, ауылдағы әлеуметтік мәселерді де үнемі шешіп отыруды міндетіне алған.

Дәулет Мұхтаров, шаруа қожалығының жетекшісі:

1998 жылдан бастадық шаруашылықты. Ол кезде қой мен сиыр болды. Ірі қара малы ол кезде аз болды. Бес- алты бас қана болды. Қазір 400 бас ірі қара бар. 800 қой бар. Жылқы 700 бас. Осы бір- екі жылда откормочныймен айналысамыз.

Тоқтамыс ауылында Дәулет сынды өз дәулетінің бір бөлігін ауылына арнап отырған азаматтар аз емес. Өңірде 40 қа жуық шаруа қожалығы бар. Ондағы еңбек адамдары түгелдей «ауыл күні» мерекесінде бас қосты. Шараны ұйымдастырушылар жанашыр жандарды сахнаға шығарып, салтанатты түрде марапаттап, сый-құрмет көрсетілді.

Тойдың көркін бәйге, көкпар мен қазақша күрес қыздырды. Жұрттың делебесі қозып, көңілі аспандады. Ауыл жастарының ұйымдастырумен мұндай шара биыл екінші жыл қатарынан қолға алынып отыр.

Ардақ Құсайынов, ұйымдастырушы:

Көңіліміз бәрі ауылда. Үлкендерге сыйлық болсын деп. Жоққа жомарт болып, жоқ адамдарға қол ұшын беріп ауыл жастары бірігіп бәрі. Бір атаның баласындай көмектесіп осылай. Халқымызға, ауылымызға той жасап, ауылдың мәртебесін көтере берейік. Жастарға үлгі болайық деген мақсатпен.

Екі жыл бұрын белсенді жастар арнайы ауыл қорын құрған. Соның есебінен жыл бойы көмекке мұқтаждарға демеу жасалып, ауылдағы маңызды мәселелерді шешуге қаржы бөлініп отырады. Ал іскер азаматтарды ұлықтап, еңбек адамдарын үлгі ететін шара жыл сайын тұрақты түрде жалғаса бермек.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу