Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үй кешені апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғын үй кешені апатты жағдайда тұр

09.08.2022

Бұл баспана 2017 жылы қолданысқа берілген. Бірақ, жертөлесіне түсіп іргетасы мен қабырғаларына зер салсаңыз ескі үйден айырмашылығы жоқтай көрінеді. Себебі, құрылыс сапасыз жүргізілген дейді тұрғындар. Олардың сөзінше, жаңбыр немесе қар жауған соң үнемі әбігерге түседі

Марат Есен, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:

Бетоннан кейін 4 қабатты гидроизоляция болуы керек. Ал, мердігер компания тесікті жамап, үстінен асфальт төсей салған. Ешқандай ереже, тиісті технология сақталмаған. Мұндай сапасыз жұмысты қалай қабылдағанына түсіне алмай әлекпіз.

Тұрғындар күзге дейін жертөленің гидроизоляциясын қалпына келтіріп берулерін сұрайды.

Перизат Әлібек, тұрғын:

Үйдің асты шылқылдаған су. Аяғымызбен кешіп жүреміз. Үстінен және жауын өтіп жатыр. Енді осыны біржақты қылып, үйдің проблемасын шешіп берсе дейміз.

Қазір үйдің төменгі қабырғалары дымқыл тартып, темір құбырлар мен электр сымдары шіри бастаған.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Құдды бір қорқынышты фильмдердегі қараусыз қалған ғимаратта жүрген сыңайлымын. Үйдің қабырғасы қақырап, жарықтар пайда болған. Егер жағдай түзелмесе бірнеше жылдан кейін баспанасыз қаламыз ба деп қорықады тұрғындар.

Құрылысқа тапсырыс беруші Күрделі құрылыс кәсіпорны кеткен кемшілікті түзеу үшін мердігер компаниямен соттасқан. Осы арада кепілдік мерзімі өтіп кетіп, сот істі мердігердің пайдасына шешкен. Тиісінше басқарма бұл жұмысты басқа компанияға тапсырады. Былтыр олар су кеткен жерлерді жамап-жасқаған, алайда мұнысынан пайда болмапты.

Бауыржан Төлеғұлов, күрделі құрылыс кәсіпорнының бас инженері:

Мердігер компанияның екі жылға берілген кепілдігі бар. Сол аралығында екі жылдың ішінде қай жерден су кетті сол жақтан жұмыстар жүргізеді. Осы бір бүгін ертең жұмысты бастайды.

Иә, Күрделі құрылыс кәсіпорны мамандары қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі, бірақ олқылық толықтай түзеледі деп уәде бере алмаймыз деп отыр. Шарасыз тұрғындар енді не істерін білмей дал.

Нұрсұлтан Тілектес 

Хабарламаларға жазылу