Көпбалалы және жағдайы төмен отбасыларға биыл тегін киім-кешек берілмейді дегенді ата-аналарға мектеп мұғалімдері айтыпты. Қыркүйек айы жақындаған сайын баласының қамын ойлағандар осы хабарды ести сала әкімдіктің алдына жиналды.
Лаура Ағманова, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
Әлеуметтанушыға қоңырау шалдық қыркүйек жақындап қалды деп. Не істейміз, не әрекет қыламыз деп. Білмейміз, ешқандай бұйрық жоқ, тып-тыныш дейді. Ал бірақ кішкентай ауыл болғаннан кейін естіп отырмыз, әкесі жоқ, шешесі жоқ балалардан метрке жинап жатыр.
Есесіне ұстаздар ата-аналардың чатына «осы киім үлгісімен киіну керек» деп шарт қойып, оның бағасына дейін жазылған прейскурант жіберіпті. Есептеп қараса әр балаға көрсетілген киім мен оқу құралын алуға кемінде жүз мың теңгеден кетеді.
Ділнұр Кәрімбаева, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
Мектепте дене шынықтыру сабағынан бөліп қойған. 4-сыныптан 8-ші сыныпқа дейін. Қызыл түс кисін, сосын 8-ші сыныптан жоғарыға қарай тағы басқа түс кисін дейді. Біз форма алып бере алмай жатқанда, қызыл спорттық киімді қайдан тауып береміз? Тамағын тауып бере алмай жатқан ата-аналар бар арамызда. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз.
«Баланы мектепке дайындауға қалтамыз көтермейді» дегендерді бұған дейін шенеуніктер жауапсыз, қайтарып жібере беріпті. Сондықтан көпбалалы аналар бұл жолы аудан әкімінен жауап алмай қайтпаймыз деп шуласты.
Ғазиза Қожабердиева, Жібек жолы ауылының тұрғыны:
Дәптер 60 теңгеден болады деп жатыр. Ала алмаймын мен дәптерді. Сумкасын да ала алмаймын, формасын да ала алмаймын. Жоқ жағдайым. Өзім пәтер жалдап тұрамын. Мен мектепке жібермеймін.
Жиналғандар білім бөлімі басшысының және басқа да жауаптылардың сөзін місе тұтпай, әкімдік алдында тұрып алды. Ақыры аналармен аудан басшысының өзі келіп сөйлесті.
Мұхит Отаршиев, Сарыағаш ауданының әкімі:
Жаңа ғана мектеп формасы бойынша мен білім басқармасының басшысымен сөйлестім. Бүгінде бізде мектеп формасы жетім балалар, сосын қамқоршысыз қалған балаларға қарастырылған екен. Ол беріледі деп отыр. Сосын атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтарға қарастырылатын формаға байланысты тиісті ұсынысты біз мемлекетке жіберіп қойдық деп хабарлады өзі.
Әкімнің айтуынша, биыл мұқтаж отбасыдағы балаға мектеп формасын алу үшін ата-ананың есепшотына ақша жіберу туралы шешім қабылданған. Ал киімді өздерің сатып аласыңдар деп жұртты шулатқан қызметкерлер мен ұстаздарға шара қолданылмақ.
Айнұр Ақбаева