Үкімет отырысы: Әкімдер мен министрлерге ескерту жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысы: Әкімдер мен министрлерге ескерту жасалды

09.08.2022

Асылбек Данияр, тілші:

Президенттің «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы басты қадамдарының бірі - мемлекеттік органдар мен халық арасындағы диалогты күшейту. Осы мақсатта жыл сайын тұрғындармен тұрақты кездесу өткізу тапсырылған еді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың айтуынша, тапсырма толық орындалмаған. Алғашқы алты айдағы 55 кездесудің тек 45-сі өткен.

Үкімет мүшелерінің Алматы, Қостанай, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысындағы кездесулерінде белгіленген уақыт сақталмаған. Бұған бірнеше министрдің бір өңірге шығуы әсер еткен. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар кездесулердің онлайн трансляциясы мен БАҚ өкілдеріне арналған брифингтерді дұрыс ұйымдастырмаған. Жиын қортындысы бойынша проблемалық мәселелер тізбесінің жоспары жасалмақ түгілі, ақпарат көздеріне жарияланбаған.

Асқар Омаров, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

Халықты неғұрлым көп толғандыратын мәселелер осындай: қалалар мен ауылдық елді мекендердегі ұялы байланыс пен интернеттің сапасы, өңірлерді электрлендіру және газдандыру, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері, білім беру ұйымдарының басшыларын ротациялау, бала асырап алу.

Биылғы тағы бір ерекшелік әкімдер халықпен кездесуді жаңа форматта өткізді. Бірақ, барлығы емес. Арасында айлаға көшкен шенеуніктер де табылды. Аймақ басшыларының атынан есеп берген Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров біраз былықтың бетін ашты. Әкіммен өтетін жиынға азаматтарды өздері құрған тізіммен жіберген. Ол аздай қандай сұрақ қойылу керектігіне дейін алдын ала жоспарланған.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде төмен денгейдегі ақпараттық сүйемелдеуге де қатысты шағымдар бар, көптеген азаматтар әкімдердің жоспарланған кездесулері туралы бейхабар екенін жеткізуде. Осыған байланысты өңірлердің әкімдерінен халықпен кездесулерді Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес өткізуді сұраймыз.

Үкімет басшысы халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, айтылған сын-пікірлері де дұрыс қабылдауға шақырды. Кездесу кезінде айтылған проблемалар құрғақ уәдемен шектеліп қалмай, іс-жүзінде шешу керектігін баса айтты.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:

Тек осындай кездесулердің қорытындысы бойынша ғана халықтың тарапынан 30 мыңға жуық мәселе мен ұсыныс көтерілді. Бұлардың бірде-біреуі қараусыз қалмауы тиіс. Адамдар өздері көтерген мәселелерді нақты шешімін тауып жатқанын көруі керек. Осыған байланысты, биылғы жылдың соңына дейін орталық және жергілікті органдар халықпен жоспарланған барлық кездесулерді бекітілген формат пен кестеге сәйкес өткізуді жалғастыруы қажет.

Жалпы, министрлердің халықпен кездесуі бойынша әдістемелік құрал дайындалған. Аймақ тұрғындарынан түсетін өтініштерге талдау жүргізіледі. Әлеуметтік желідегі жазбалар назарға алынады, деді Үкімет басшысы.

Асылбек Данияр, тілші:

Әкімдермен жүздескен жұртшылықты тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым, абаттандыру, жер, экология, жол, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу мен тұрғын үй мәселелері толғандырады. Қордаланған мәселе бойынша Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігі мен Ақпарат министрлігіне проблемаларды шешу жөніндегі тиісті іс-шаралар жоспарын бекітуді жүктеді.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу