«Е-Gov mobile»-ға «Денсаулық» қосымшасы енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Е-Gov mobile»-ға «Денсаулық» қосымшасы енгізіледі

08.08.2022

«Даму мед» қосымшасы тұрғындардың көңілінен шықпады. Қызылордалықтардың осы ақпараттық жүйеге көшкеніне бірнеше жылдан асса да жоба дау тудырып келеді. Көптің талап-тілегін ескерген министрлік «Е-Gov» мобильді бағдарламасына арнайы медицина саласын қамтитын «Денсаулық» қосымшасын енгізбекші. Бұл туралы Сыр өңіріне барған цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

Министр алдымен жаңа форматта ашылған халыққа қызмет көрсету орталығына барды. Мұнда үш бағыт бойынша құжат рәсімделеді. Тиімдісі, мамандандырылған орталыққа бармай-ақ жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, Бағдат Мусин қаладағы №3 емханаға бас сұқты. Емдеу мекемесінің есебінде 51 мыңдай тұрғын бар. Күніне мыңға жуық адам дәрігерге қаралады. Ал кезектілікті реттеу үшін онлайн мобильді қосымшасы енгізілген. Бірақ, оны келушілердің небәрі 10 пайызға жуығы ғана қолданған.

Осы мәселе министрдің тұрғындармен есепті кездесуінде де көтерілді. Облыс медицинасы «ДамуМед» ақпараттық жүйесіне көшкеніне бірнеше жыл болды. Дегенмен, бағдарламада әлі шикілік көп. Ал ауылдағы ағайын одан мүлдем тыс қалған.

Ләззат Бақтыбаева, «Әділдік жолы» ҚБ облыстық филиалының басшысы:

«Дамумед» бағдарламасы біріншіден нәтиже бермеді. Дұрыс емес мәліметтер жиі кездеседі. Баланың ата-анасы дұрыс көрсетілмейді. Немесе тұрып жатқан мекен-жайы дұрыс анықталмайды. Анализдерді табу мүмкіндігі жоқ.

Жалпы бұл мәселе Қызылордада ғана емес елімізде үлкен дау туғызып отыр. Көптің талап-тілегін ескерген министрлік «егов» мобильді бағдарламасына арнайы медицина саласын қамтитын «денсаулық» қосымшасын енгізбекші.

Бағдат Мусин ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Қосымша ыңғайлы болса, барлық тұрғындар ол арқылы дәрігерге жазылады да, қарым-қатынас сол жерде орнатады. Сондықтан соны ыңғайына сай жасату үшін біз қазір осыны жылдың соңына дейін «егов» мобайл қосымшасына сол ақпараттың барлығын жылдың соңына дейін жасайтын боламыз.

Жиын барысында Бағдат Мусин алдағы жылы шалғайдағы елді мекендерді ұялы байланыспен және интернетпен қамту көрсеткіші арта түсетінін жеткізді. Себебі, ауылға қажетті қондырғы орнатып, инвестиция құйған мобильді операторларға салықтан 90 пайыз жеңілдік қарастырылатын болады.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу