Павлодарда көмір бағасы 13 пайызға өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда көмір бағасы 13 пайызға өсті

08.08.2022

Бүгіннен бастап Павлодарда көмір бағасы бірден 13 пайызға қымбаттады. Ал, жыл басынан бері өңірде 60 млн тонна қатты отын өндірілген. Негізі, елімізде шығаралатын көмірдің 58 пайызын Екібастұз қаласы беріп отыр. Соған қарамастан көмірдің құны неге арзандамайды?

Жылу маусымы әлі басталған жоқ. Ал облыс орталығындағы көмір сататын ірі кәсіпорындар биыл қатты отын тапшы болатынын айтады. Қазірдің өзінде кеніштер вагон бермейді. Баға шарықтап барады. Майкөбе көмірі 13 пайызға қымбаттады. Бұл ірі станциялар мен кәсіпорындар емес, қарапайым халық тұтынатын, қызуы күшті, күлділігі төмен көмір. Бұған дейін тоннасы 10500 теңге болса, енді 12000 теңгеден сатылады.

Арби Асланбеков, Көмір сататын кәсіпорынның коммерциялық директоры:

Майкөбе кенішімен кеше ғана келісім-шарт жасадық. Богатырь, Шұбаркөл кеніштері маңайлатпайды. Сіздермен жұмыс істеу қызықсыз, дейді. Олар Еуропамен жұмыс істеп жатыр. 75-76 доллардан көмірді сатады екен.

«Богатыр» көмірді ашық әдіспен шығаратын әлемдегі ең үлкен кеніш. Күлділігі аса жоғары, ұзақ жанатын өнімін негізінен ірі стансалар алады. Соңғы жылдары көмірді ТМД елдері мен алыс шетелдерге экспорттап жатыр. Дәл қазіргі уақытта өкілетті органдар бұл кәсіпорынның неліктен өнім бағасын қымбаттатқанын тексеруге кірісті.

Бейбіт Молдабеков, Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы:

Олар Энергетика министрлігінде бағаны көтеру кестесін бекітіп алған. Соған сәйкес, осы жылдың 1 тамызынан бастап 2024 жылға дейін әр ай сайын көмірдің тоннасын 100 теңгеге қымбаттатып отырмақ. Айталық, қазір Богатырь көмірінің тоннасы 2783 теңге. Оған ай сайын 100 теңге қосып отырған жағдайда екі жыл ішінде қандай баға болатынын ойлап көрініз.

Көмірдің қымбаттауы алдымен жылу тарифін өсіреді. Одан кейін қызмет көрсету, тауар бағасы шарықтайды. Бұл ретте Үкімет бағаны тұрақтандыру бойынша әрекет жасап жатыр.

Болат Аманбаев, тілші:

Мәселен қазіргі уақытта елімізден көмірді автотранспорт арқылы сыртқа шығаруға тиым салу мәселесі қарастырылуда. Бірақ бұл қаншалықты тиімді болмақ? Себебі, экспортталатын өнім негізінен вагондармен жіберіледі. Одан бөлек Екібастұз, Майқайың аумағындағы кеніштер көмір бағасы қымбаттады деп ресми жария етті.

Өңірдегі бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті көмір кеніштерін де тексермек. Егер, бағаның негізсіз көтерілгені анықталса айыппұл салынып, әкімшілік іс қозғалады.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу