Қазақстаннан Оман мен Бахрейнге тікелей әуе рейстері ашылуы мүмкін. Мемлекетаралық байланыстарды одан әрі дамыту үшін ұшу географиясын кеңейту жоспарланып отыр. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елге ресми сапармен келген Парсы шығанағындағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің Бас хатшысы Найеф Фалах Мубарак Әл-Хаджрафпен кездесу өткізді. Премьер-министр Парсы шығанағы елдерінің іскер топтарын Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Біздің ел жоғары сапалы ұн, майлы дақылдар және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын экспорттауды ұлғайтуға дайын. Сондай-ақ транзит саласындағы өзара іс-қимылды, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту есебінен нығайтуға мүдделі. Ұйым елдерінің де Қазақстанға инвестиция салу бойынша үлкен жоспарлары бар.
Найеф Фалах Мубарак Әл-Хаджраф, Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы:
Ынтымақтастықтың өзара тиімді бағыттарын айқындау үшін бірлескен бизнес-форумдар ұйымдастыру қажет деп санаймыз. Біз энергетика, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы серіктестікті дамытуға мүдделіміз.