Түркияда инфляция соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетіп, 79,6 пайызға дейін көтерілді. Елдің статистика орталығы берген мәліметке сай соңғы бір жылда азық-түлік бағасы екі есе, жанар-жағармай құны 4 есе көтерілген. Кей экономистердің пікірінше әлемді шарпыған инфляцияның Түркияға бұлай қатты әсер етуіне Орталық банктің пайыздық мөлшерлемені былтыр 14 пайызға төмендетуі себеп болған. Осыдан соң түрік лирасы күрт құлдырап, баға шарықтай бастады. Дегенмен Түркия Қаржы министрінің айтуынша, пайыздық мөлшерлемені төмендету ел экономикасын мүлде тұралап қалудан құтқаруға бағытталған қадам. Осы арқылы ішкі сауда жанданып, жұмыс орындарын сақтап қалу мүмкін болды. Ел билігі ұстанып отырған жаңа экономикалық бағыттың нәтижесінде жыл соңында инфляция тоқтап, баға тұрақталады деді қаржы министрі.
Нуреддин Небати, Түркияның қазына және қаржы министрі:
Инфляцияны тұрақтандыруға бағытталған маңызды қадамдар жасадық. Осы айдың аяғына қарай бұл анық сезіле бастайды. Ал жыл соңында қандай да бір төтенше жағдай болмаса, мұнай бағасы күрт көтеріліп кетпесе, баға төмендей бастайды. Келесі жылы ақпан-наурызда баға тұрақталып, халық біздің базалық мөлшерлемені төмендету арқылы жеткен экономикалық жетістіктерімізді нақты сезінеді.