Украина Үкіметі жаңа оқу жылының мерзімін бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина Үкіметі жаңа оқу жылының мерзімін бекітті

04.08.2022

Украина Үкіметі жаңа оқу жылының мерзімін бекітті. Мемлекет балабақша, мектеп, колледж және университет тәлімгерлеріне білім алудың бірнеше нұсқасын ұсынып отыр. 

Елдегі қарулы қақтығысқа қарамастан бірінші қыркүйектен оқушылар мектепке барып оқитын болады. Бұл әрине, Ресей әскерилерінің қарамағындағы облыстарды қамтымайды. Бір Киевтің өзінде 422 мектеп бар, оқушылардың 70 пайызы алдағы оқу жылында офлайн оқимыз деп ниет танытқан. Отыз пайыздайы қазір шет елді паналап жүр. Украина білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша төрт жүз мыңға жуық оқушы мектепке келуі тиіс. Алайда елдегі қиын жағдай оқу бағдарламасына айтарлықтай өзгеріс енгізді. Ең алдымен оқуды оффлайн форматта өткізу үшін білім ордасы сапалы жертөлемен жарақталуы тиіс. Егер мектептің мұндай мүмкіндігі жоқ болса, оқушыларға сабақ онлайн форматта ұйымдастырылады. Қазір Киевтегі барлық оқу ордаларының техникалық жағдайы бақылауға алынған.

Елена Мостицкая, «Одесса заң академиясы» Ұлттық университетінің ұстазы:
Мектептердегі барлық жертөлелер тексеріліп жатыр. Техникалық мүмкіндігі қаралады. Онда бомбадан тығылатын баспана ретінде екі есік, автономды желдеткіш болуы тиіс. Жеткілікті су және дәрі-дәрмекпен жарақталуы маңызды.

Орта мектеп пен балабақша үшін оқу жылы бірінші қыркүйектен басталса, жоғарғы оқу орнының студенттеріне Үкімет дәрісті он бесінші тамызда бастап кетуге кеңес береді. Өйткені университетте оқушы саны әлдеқайда көп, сондықтан бір мезетте жаппай жертөлеге түсу қиындық туғызары сөзсіз. Оның үстіне қыстың да қалай болатыны белгісіз, оқуды ертерек бастап, демалысты бір айға дейін ұзарту жағы қарастырылып жатыр. Дейтұрғанмен, оқу жылын әлі де қауіпті деп қарайтын ата-аналар баршылық. Оларға онлайн форматтағы оқу қосымша ұсынылмақ.


Хабарламаларға жазылу