«Қазфосфат» серіктестігі енді 5 миллион теңгеден аса айыппұл төлейді. Жоспардан тыс тексеріс жүргізген экологтар осылай мәлімдеме жасады. Бұл туралы толығырақ арнайы өткізілген баспасөз отырысына қатысқан өңірдегі әріптесім Нұрдос Болатұлы айтып бермек.
Еске сала кетсек, 11 маусым күні кешкі сағат сегіз шамасында зауыт мұржасынан шыққан түтін қаланың бір бөлігін басып қалған еді. Салдарынан тұрғындар тамағы жыбырлап, көзі ашығандарын айтып шағамданды. Ал кәсіпорын минералды тыңайтқыштар зауытының бір цехы істен шықты деп хабарлама таратқанын да жеткізген едік. Артынша қалалық Прокуратура мен Экология департаменті жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Нәтижесінде, эколог мамандар 10 күн бойы жұмыс істеп, экологиялық заңнаманың 5 бұзылуын анықтаған.
Серік Нұрбаев, Экология департаментінің бөлім басшысы:
5 кемшілік анықталды. Бесеуіне 5 айыппұл салынды. Бірақ оның төртіншісімен келіспей, сотқа жүгініп жатыр. Ал енді ол екінші рет қайталанған жағдайда, экологиялық талаптарды орындамаған жағдайда, біз сот арқылы олардың берілген рұқсаттарының күшін жоя аламыз.
Мұнан өзге экологтардың айтуынша, зауытта апатты жағдай орын алған. Цехтың сорғысы істен шыққан сәтте түтінді мұржаға жібермейтін автоматты бұғаттау тетігі болмаған. Соның салдарынан 1 тонна күкірт триоксиді ауаға тараған. Қазір оның адам денсаулығына қаншалықты зиян келтіретіндігі зерделеніп жатыр. Айыппұлдың жалпы сомасы 5 миллион теңгеден асады.
Бұдан бөлек, департамент жылдың аяғына дейін кәсіпорынға қатысты берілген нұсқамалардың орындалуын бақылау үшін тағы да тексеріс жүргізбек. Ал егер дәл осындай жағдай тағы қайталанса, зауыттың экологиялық рұқсаттамасы сот арқылы қайтарылып, жұмысын мүлде тоқтатуы мүмкін.