Қосшы тұрғындарының қала билігінің қызметіне көңілі толмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қосшы тұрғындарының қала билігінің қызметіне көңілі толмайды

29.07.2022

Мәртебесі артқанымен, мәселесі көп. Бір жыл бұрын қала атанған Қосшы тұрғындары әлі күнге дейін өзгеріс жоқ деп налиды. Қоқыстан аяқ алып жүргісіз, жолдың ойдым -ойдымы шыққан деген жұрттың қала билігінің қызметіне көңілі толмайды.

Асылбек Данияр, тілші:

Қосшының «қала» статусын алғанына тура бір жыл. Десе де, тұрғындардың қала әкімдігінің істеп жатқан жұмысына көңілі толмайды. Өйткені бірнеше жылдан бері өткір болып келе жатқан мәселе, осы – қоқыс. Қолқаны қапқан жағсыз иіске бірде-бір минуст шыдап тұру мүмкін емес.

Қаланың кез келген бұрышы қоқысқа толы. Көп қабатты тұрғын үйлердің жанынан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тұрғындар бұл проблеманы Қосшыға «қала» мәртебесі берілмей жатып-ақ талай көтергенбіз, дейді.

Мұндағы жолдың жағдайы да оңып тұрған жоқ. Кейбір көшелерді жөндейміз деп қазған күйі қалдырып кеткен. Бұдан бөлек, екі-үш жыл бұрын салынған жолдың ой-шұқыры шығып, көлік жүруге жарамсыз болып қалған.

Қосшылықтардың елордаға жетунің өзі азап. Қалаға қатынайтын қоғамдық көліктердің аралық уақыты тым ұзақ. Оның үстіне автобус жетіспейді.

Қосшы әкімінің орынбасары, қаланың тазалығын қолға алу үшін тиісті жұмыстар істеліп жатқанын айтады. Жыл басталғалы қоқыс контейнерлері мен алаңдары ұлғайтылыпты. Бірақ, мәселенің ушығуына басқа себеп бар. Тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекеме әлі күнге дейін нақтыланбаған. Ал, жолдың проблемасы кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Әлихан Қуатбеков, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:

Енді әрине, бұл жерде өзіміздің Қосшы қаласының ондай мүмкіншілігі әзірге бізде жоқ. Жеке автобус маршруттарын ашып, оны астанамызға тасуға. Қазір жолдар толық біткеннен кейін әрі қарай көлемін ұлғайтатын боламыз. Осы таяу бір ай, бір жарым айдың көлемінде ол өзінің қалпына келеді деп есептеп отырмыз.

Қосшыға мектеп керек. Қазір 8 мыңнан аса бала үш ауысымда білім алады. Мұнда әзірге 3 мектеп бар. Проблема 2023 жылға дейін шешілмек.

Қанат Ахметов, Қосшы қаласы білім бөлімінің басшысы:

Қосшы қаласында бүгінгі күнде 4 мектеп салынып жатыр. Оның үшеуі мемлекеттік бағдарлама бойынша, біреуі яғни 1500 орындық қордан салынып жатыр. Бүгінгі күнде Желтоқсан - Қосшы көшесінде 1200 орындық мектеп осы тамыз айының 20-на дейін тапсырылып болады.

Ауырып сырқаған жұрт қалаға қатынауға мәжбүр. Емхана ескі, әрі маман тапшы. Жақын арада жаңа медициналық нысан қолданысқа берілмек.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу