Шығыс Қазақстан облысындағы жетім балаларға арналған мектеп-интернатының бұрынғы директоры Алтынай Базарханова 4 жылға сотталды. Ол 2013-2019 жылдары интернатты басқарған кезде емдік-дене шынықтыруға бөлінген қаржыны жымқырған. Яғни сабақ жүргізбесе де ақы алып отырғаны анықталған. Осының кесірінен мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері сапалы ем-дом алу мүмкіндігінен айырылған. Оған қоса Базарханова интернаттағы қызметкерлерге қосымша жұмыс істегені үшін ақша төлеген. Алайда қызметкерлер қаржыны есеп-шоттарынан шешкен соң директорға қайтарып отырған. Ал шын мәнінде интернат жұмысшылары мүлде қосымша жұмыс істемеген . Сондай-ақ ол біреуге беретін 729 мың теңге қырызын да бюджет есебінен жапқан. Ол үшін сол адамның күйеуін мектеп-интернатқа құжат бойынша ғана өтірік жұмысқа орналастырған. Шығыс Қазақстан облыстық қаржылық мониторинг департаменті тергеуді аяқтап істі сотқа жолдады.
Әлібек Әділов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
Шығыс Қазақстан облыстық Қылмыстық істер бойынша сот алқасы оның өз кінәсін мойындап, шығынды толықтай қайтарғанын, жасөспірім баласы бар екенін ескере отырып, Базархановаға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.