Фермерлер қауымдастығы агротехника алу үшін несиені бастапқы жарнасыз беруді сұрап отыр. Олар Президентке ашық хат жолдап, техниканы жеңілдікпен беру бағдарламасын іске қосуды ұсынған. Ресми дерекке сүйенсек, қазір елде 147 мың трактор, 38 мың комбайн бар. Алайда қауымдастық басшысы Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығы техникасының 80%-ы тозғанын айтады.
Ал елде егін жинау науқаны тамыз айының бірінші жартысында басталады. Қысылтаяң кезеңді ескере отырып, олар бастапқы жарнасыз, сыйақы мөлшерлемесі 3%-ға дейін «Жасыл Дамудың» қаржысы есебінен несие беруді сұрайды. Ал қаржыландыруды 50 миллиард теңгеге жеткізу керек дейді. Жоба іске асса, мыңнан аса трактор мен комбайн паркін жаңартуға мүмкіндік туады.
Ақерке Бектас