Украина Халықаралық валюта қорынан несие алуды көздеп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина Халықаралық валюта қорынан несие алуды көздеп отыр

27.07.2022

Украина Халықаралық валюта қорынан 15-20 миллиард доллар көлемінде несие алуды көздеп отыр. Бұл қаражат қарулы қақтығыстан күйзелген экономиканы қалыпқа келтіру үшін қажет. Бұл туралы елдің Ұлттық банкінің басшысы Кирилл Шевченко мәлімдеді.

Қазір Украина ай сайын 5 миллиард доллар көлемінде бюджет тапшылығын сезініп отыр. Ел экономикасы биыл 35-45 пайызға құлдырауы мүмкін.

Ал елде қарулы қақтығыс жалғасып жатыр. «BBC»-дің дерегінше, Украина армиясы Херсон облысында қарымта шабуылды күшейтті. Олар Ресей әскері үшін стратегиялық маңызы бар Антонов көпірін «Химарс» зымырандық кешенімен атқылап жатыр. Соңғы мәліметтерге сай, көпірмен жүк көліктерінің қозғалысы шектелген. Ал «CNN» арнасының хабарлауынша, Ресей Украина әскерінің қарымта шабуылына қарсы қосымша күштерді тарта бастады.

Авторы: Арай Төлегенқызы


Хабарламаларға жазылу