Бас прокуратура қырғыз музыканты Викрам Рузахуновтың Қазақстанға келуі туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Ол тергеу барысы үшін қажет. Оны азаптады деген дерек бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу органы джазменді жәбірленуші деп таныды. Іс бойынша Полиция департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мамандары мен медицина қызметкерлерінен жауап алынған. Әзірге күдіктілерді анықтау мүмкін емес, дейді - Бас прокуратура өкілдері.
Айыптау үкімі шықты: 10 жыл бұрынғы қылмысы үшін жазаланды
Ал Алматылық прокурорлар 10 жыл бұрын жасалған қылмысқа қатысты күдіктінің кінәсын дәлелдеп шықты. 2012 жылы Алматы облысының Қарасай ауданында болған төбелес кезінде ер адам қарсыласына бірнеше рет пышақ сұққан. Дерек бойынша полицейлер соталды тергеу амалдарын бастаған. Алайда кейін іс негізсіз тоқтатылып, қылмыскер жауапкершіліктен босаған.
Наурызбай ауданы прокуратурасының араласуынан кейін қылмыстық іс қайта қозғалды. Тергеу амалы жүргізіліп, күдіктіге "адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша айып тағылған.
Еркін Тлешов, Наурызбай ауданы прокурорының міндетін атқарушы:
Қылмыстық істердің бәрін сұратып алып, заңдылығын тексердік. Тексеру барысында 2012 жылғы қылмыстық істі зерделеу барысында кінәлі адам бар екені анықталған болатын. Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Алты жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза тағайындалған.