Алматы әуежайында атыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әуежайында атыс болды

26.07.2022

Түнгі 1 шамасында нысанның автотұрағында үш ер адам мас күйінде төбелес шығарған. Олардың бірі бөтелкені сындырып, полицейлерге қарсы ұмтылған.

Жазира Оразқызы,Тілші:

Қоғамдық тәртіпті бұзып, төбелес шығарғандар полиция қызметкерлерінің талабына көнгісі келмеген. Ешкім зардап шеккен жоқ. Төбелесушілердің бірі, бұрын сотталған 28 жастағы ер адам сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге қарай жүгіріп, оны соққыға жықпақ болды. Қылмыстың жолын кесу үшін тәртіп сақшысы қызметтік қаруынан аспанға ескерту оқ атқан.

Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі:

Төбелеске қатысушылар ұсталды. Олар – Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары. Екеуі адам тонағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бұрын сотты болған. Олар қамауға алынды.

Полиция департаментінің хабарлауынша, қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар полицейлер қызметтік қаруды қолдану фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілетінін айтты.

Авторы: Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу