Маңғыстау облысында нөсер жауынның соңы тасқынға ұласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысында нөсер жауынның соңы тасқынға ұласты

25.07.2022

Маңғыстау облысында нөсер жауынның соңы тасқынға ұласып, теңіз жағасында демалып жатқан жұртқа қауіп төндірді. Бірнеше көлік су астында қалды.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Оқиға кеше Форт-Шевченко қаласынан 68 шақырымдағы «Көгілдір шығанақ» деп аталатын теңіз жағалауында болды. Демалушылардың сөзінше, қарғынның ағысы қатты болғаны сонша, 1,5 минуттың ішінде жолындағының бәрін шайып кеткен. Көліктерінен шыға алмай судың қақ ортасында қалғандар да болды. Мамандар оларды эвакуациялау жұмыстарын таңғы сағат 08:30-да бастады. Ол үшін арнайы техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 10 адам құтқарылды, оның 2-еуі бала. Оларға медициналық көмек қажет болмаған. Бәрі де Ақтау қаласына жеткізілді. Алайда көліктері су астында қалды. Құтқарушылар 3 жеңіл автокөлік пен 1 жүк көлігін арнайы техникамен сүйреп шығарды. Құтқару жұмыстарына жақын маңдағы Сайын Шапағатов ауылынан арнайы техника да шақырылған. Сондай-ақ нөсер жауыннан жол жиегінде батып қалған тағы 2 автокөлік анықталып, көмек көрсетілген. Ал бүгін облыс бойынша жағдай қалыпты.


Хабарламаларға жазылу