Қостанай облысының Аманкелді ауданына қарасты Құмкешу ауылының тұрғындары атакәсіпті маусымдық табыс көзіне айналдырған. Бұл елді-мекенде орташа есеппен күніне 700 литрге дейін қымыз өндіріледі. Әрбір бесінші отбасы бие сауып, ұлттық сусынды баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген.
Ерлі-зайыпты Мырзекеевтер ширек ғасыр бойы желіге құлын байлап, күбісін қаңсытпаған отбасылардың бірі. Барлығы 400-дей жылқысы бар, соның 70-сі бие. Биыл отызға жуығын сауып отыр.
Алтын Мырзекеева, Құмкешу ауылының тұрғыны:
Өзім сауып, өзім үлгертем. Күйеуім, балаларым көмектеседі. Кейде күніне 80-90 литрге дейін сүт шығады. Биенің сапасына қарай ғой. Кейбір биелер 1 литр, енді бірі жарты литр сүт береді.
Құмкешудің қымызы ешқандай қоспасыз, сан ғасырлық ежелгі технология бойынша дайындалады. Қайыңнан жасалған күбі құмның тобылғысымен ысталады, ашуы басылып жұмсаруы үшін ұзақ пісіледі.Табиғи өнімге сұраныс та жоғары.
Дүйсенбек Мырзекеев, Құмкешу ауылының тұрғыны:
Біздің жердің еті де, қымыз да мына құмның жақсы болады. Астана, Жезқазған, Қостанайдың адамдары бәрі біздің жақтың етін, майын мақтайды. Жерге де байланысты ғой бәрі.
Құмкешуде 600-ге тарта адам тұрады, түтін саны 100-ге жуық. Соның әрбір бесіншісі бие сауып, атакәсіпті маусымдық табысқа айналдырған. Онымен қоймай өзге ауылдастарына да жұмыс тауып беріп отыр.
Асылан Исмайылов, Құмкешу ауылдық округінің әкімі:
Бие сауып отырған азаматтар мысалы айдап әкелетін адамға 100 мың төлейді. Сауатын адамға 150 мың теңге. Екі адамды жұмыспен қамтып отыр. 250 мың теңге еңбекақы береді.
Жал-жал боп жатқан жалаңаш құмы Дубайдың шөліне ұқсайтын ерекше табиғаты бұл өлкеге ерекше өң беріп тұр. Осыны ұтымды пайдаланған жергілікті тұрғындар жол бойына киіз үй тігіп қымызхана ашып қойған. Жолаушылар салқын сусын ішіп шөлін басады, табиғаттың ерекше көрінісін тамашалайды.
Анар Жаншурина Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Құмкешудің балдай қымызына ештеңе жетпейді. Арнайы келіп осы жердің қымызын ішіп, өзімізбен бірге бірнеше литр қымыз алып кетеміз. Тамаша көрініс. Дубайдан кем емес. Бұл табиғаттың ерекше сыйы Құмкешуге берген.
Тұрғындар келешекте қымыз өндірісінің аясын кеңейтіп цех ашуды көздейді. Онда ұлттық сусынды жыл бойы саудалауға мүмкіндік туады.
Дәуренбек Әбдібек