Орталық Азия елдері басшыларының IV Консультативтік кездесуінен кейін Президент Шолпан-ата қаласындағы Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне барды. Мемлекет басшысы жазушының бюстін ашып, құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.
Мұхтар Әуезовтің Шолпан-Атадағы үйі 1959 жылы салынған. Қазақтың ұлы жазушысы бұл үйде 1959-1961 жылдары тұрып, жұмыс істеген. Сонымен бірге «Өскен өркен» атты соңғы романын жазуды бастаған. Оның қызы Ләйлә Мұхтарқызының бастамасымен кітапханаға алғашқы 5000 дана кітап жиналды. Қазір кітап қоры – шамамен 12 мыңнан асады.
Саламат Табышева, М.Әуезов музей-кітапханасының қызметкері:
1970 жылы Мұхтар Әуезовтің отбасы ақылдасып, Шолпан ата тұрғындарына арнап мұнда кітапхана ұйымдастырады. Содан бері біз қалалық кітапхана ретінде жұмыс істейміз. Бұл үй осы жылдары біздің халық достығының символына айналды. Қазақ, қырғыз жазушылары осы үйде кездеседі.