Италияның Тоскана өңірі мен елдің солтүстігінде орман өрті тұтанды. Осыған орай жүздеген тұрғын эвакуацияланған. Жағдайды аптап ыстық қиындатып жіберді. Елдің 9 қаласында тұрғындарға шіліңгір ыстықтың денсаулыққа қаупі туралы ескерту жасалған. Болжамдаға сай, сынап бағанасы осы аптада +40 градусқа көтеріледі.
Ал Испанияда өрттің сөнбей жатқанына 1 аптадан асты. Елдің көптеген бөлігінде 10 күн қатарынан аптап ыстық басылмай тұр. Ауа-райы мамандары күн әлі де ысуы мүмкін екенін ескертті. Бой бермей жатқан жалынды бақылауға алуға өрт сөндірушілерге көмекке сарбаздар тартылған. Орман өрті елдің Кастилия, Леон, Галисия, Арагон, Мадрид тәрізді бірнеше өңірін шарпыды.
Ұлыбританияда да осыған ұқсас жағдай. Мұнда алғаш рет ауа температурасы +40 градусқа жеткен. Осыған орай елде "төтенше жағдай" жарияланды. Лондон орталығынан 30 шақырымда орналасқан Веннигтон ауылында тілсіз жау бірнеше үйді өртеді. Жалын осы маңдағы негізгі көлік жолдарын да шарпыған. Айта кетсек, Еуропада күннің шыжуын ғалымдар климаттың өзгеруімен тікелей байланыстырып отыр.
Арай Төлегенқызы