Соңғы 30 жылда елімізде қант қызылшасының алқабы 10 есе азайған. Қазіргі егістік 12 мың гектардан аспайды. Салдары жақсы емес. Ішкі нарықты 9 пайыз ғана өз шекерімізбен қамтып отырмыз. Қалғанын шеттен тасимыз. Ресейдің өзінен жыл соңына дейін 168 мың тонна қант жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, елге жылына 600 мың тоннадан артық шекер қажет.
Самат Нәдірбаев, Қант зауытының директоры:
Біз бұл мәселені 4-5 жыл болды көтеріп жатқанымызға. Қант қызылшасы алқабын көтеру мәселесін. Егер әр зауытқа Ресей, Белорусияның опытымен берілетін болса, арендаға жерлер, суармалы жерлер, алқаптарын өңдеп, өздерін қызылшамен қамтамасыз етеді.
Қант өндіруге арналған шикізатты да мұхит асып, тасымалдау қазір оңайға соқпай тұр. Сондықтан, тез арада отандық өндірісті жөнге қою керек. Бұл ретте дала жұмыстарымен айналысып жүрген, істі білетін кәсіпкерлер шаруаны дөңгелетіп әкетуге дайын.
Ербол Есенеев, «Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры:
Өзіміздің бір жобамызды жаздық. Біріншіден, Үкімет тарапынан нақты көмек қажет. Субсидия бола ма. Екінші жер мәселесі. Біздің нақты есебіміз бар. Толық Қазақстанды қамтамасыз ету үшін 104 мың гектар жер керек екен. Соған қоса тамшылатып суаратын заманауи технология қажет.
Атамекендіктер жоба қолдау тапса, оны 4-5 жылда жүзеге асыруға болады деп отыр. Ішкі нарықты толық қантпен қамту үшін жаңа зауыттар салудың қажеті жоқ.
Дарын Сағитов, тілші:
Себебі, Алматы мен Жамбыл облыстарында қазір 4 зауыт жұмыс істеп тұр. Олардың шикізат өңдеуге қауқары жетеді. Өз қантымыздың сапасы сырттан тасымалданатын шекерге қарағанда әлдеқайда жақсы болады. Бағасы да қолжетімді. Мұның сыртында жеміс-жидек, көкөніс мен бал шаруашылығын дамытуға да басымдық берілмек.
Дарын Сағитов