Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғынын кене шағып, көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғынын кене шағып, көз жұмды

20.07.2022

Жалағаш ауданының тұрғынын кене шағып, көз жұмды. Бұл соңғы бір жарым айда облыста тіркелген 4-ші қайғылы жағдай. Көз жұмған азаматтардың 3-уі 50 жастан асқан, 1-уі 11-ші сынып оқушысы. Мамандар аймақта эпидемиологиялық ахуал күрделі деп отыр. Жыл басынан бері өңірде 601 адамды кене шаққан. Конго-Қырым қанды безгегіне күдікті деп 33 жағдай есепке алынса, оның 14-і зертхана арқылы нақтыланған. Бүгінде облыс бойынша қызылордалық бір азамат ауруханада ем алуда, қалғандары қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылған. Зиянкестерден зардап шеккен науқастардың дені мал және егін шаруашалығымен айналысады.

Жангелді Шайымбетов, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі күні 4 науқас қайтыс болды. Қайтыс болған науқастарға тоқталатын болсақ, 2-еуі Жалағаш ауданының, 1-еуі Қызылорда және біреуі Шиелі ауданының тұрғыны. Жас ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, 3- науқас 50-ден асқан, барлығы мал шаруашылығымен айналысады. Ал 18 жасқа толмаған жасөспірім Шиелі ауданының тұрғыны

Эпидемиолог мамандар кене шағу фактісі өткен жылмен салыстырғанда биыл үш есеге артқанын мәлімдеді. Зиянкестердің көбеюіне қыс мезгілінің жылы болуы себеп дейді олар. Былтыр облыс бойынша 113 елдімекен қолайсыз аймақ деп танылса, биыл олардың саны 116-ға жеткен. өңірде Конго-Қырым қызбасы ауруының қоздырғышын тасымалдайтын 16 түрі бар. Сондықтан мамандар қандай да бір ауру белгілері байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну керек дейді. Өйткені, көз жұмған азаматтардың көбісі дерт дендегенде ғана дәрігерге барған.


Хабарламаларға жазылу