Есірткіге тәуелді жастар саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есірткіге тәуелді жастар саны артқан

19.07.2022

Жастар арасында нашақорлық өрбіп барады. Ресми статистика бойынша, әр бесінші жас азамат есірткіге тәуелді. Күшейтілген күрес жұмыстарына қарамастан, ғасыр індетінің тамырына балта шабу мүмкін болмай отыр. Күн сайын жаңа сайттар пайда болып, арнайы лабораториялар анықталып жатыр.

Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда есірткіге тәуелді адамдардың саны азайып келеді. Десе де, арқаны кеңге салып, бұны оң өзгеріс деп санауға болмайды. Өйткені, олардың саны шын мәнінде өсіп жатыр, дейді мамандар.

Сапар Рахменшеев, қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры:

Олар көбінесе біздің орталықтарға келмеуге тырысады. Өзіңіз білесіз біздің орталықта есепте тұрса жұмысқа тұруы қиын. Қиын болғанда ешкім алмайды да оны. Сондықтан жекеменшік клиникаларға барып емделгенді дұрыс санайды.

 «Тездік», ««экстази», «метамфетамин», «тұз» - мұның бәрі жастар арасында кеңінен танылған психотроптық заттардың түрлері. Бұрын ол елімізге заңсыз жолмен Қытай немесе Ресейден кіргізілетін. Соңғы жылдары Қазақстанда да әзірлене бастаған.

Берікхан Нұрғалиев, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы:

Қазір лабораториялар өзімізде тәркіленіп жатыр. Жыл басынан 3 топ ұсталынды. Айта кету керек 22 нарколаборатория тәркіленді. 04:39 Жыл басынан 1400 сайт анықталды. Оларды жауып жатырмыз. Бұл дүниежүзілік мәселе.

Алматылық Алмас Сембинов те есірткіні алғаш рет сайт арқылы алғанын айтады. Бірнеше жыл қатарынан қабылдан соң, тәуелді болып қалған. Салдарынан жиған-тергенін, туған-туыстары мен дос-жарандарын жоғалтқанын жасырмады.

Алмас Сембинов, қала тұрғыны:

Басында маған ұнады, ләззат алдым. Уақыт өте есірткісіз өмірімді елестете алмайтын дәрежеге жеттім. Әйелім балаларды алып кетіп қалды. Жақындарым менімен ат құйрығын үзісті. Күндердің күнінде бұл жолдың мені құрдымға апаратынын түсіндім. Сол күннен бастап баяғы, қалыпты өмірге ораламын деп шештім.

Қазір Алмас отбасымен қайта табысып, дертінен айығу үшін арнайы орталықтарға барып, психологтан кеңес алып жүр.

Қазақстан бойынша 18 мың есірткіге тәуелді азамат есепте тұр. Оның 2500-і әйел, 94-і жасөспірім. Тіркеудегілердің басым бөлігі 14 пен 25 жас аралығындағылар.

Есірткі саудасымен айналысатын сайттарды жабқанымен, еш пайдасы жоқ. Ертесіне жаңбырдан кейінгі сауырауқұлақтай желіде жаңалары қаптайды. Сондықтан мамандар ата-аналарға балаларын назардан шығармай, жіті қадағалауын ескертеді. Сонда ғана бұл індеттің таралуын тежеуге болады.

Нұрсұлтан Тілектесов 

Хабарламаларға жазылу