Қызылорда облысында шаруалар тамшылатып суару әдісіне көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында шаруалар тамшылатып суару әдісіне көшті

18.07.2022

Сыр өңірінде соңғы жылдары су тапшылығына байланысты егін шаруашылығын әртараптандыруға баса мән беріліп келеді. Биыл Жалағаш ауданының диқандары күріш егістігін қысқартып, бақша дақылдарын молынан екті. Соның ішінде, «Ер-Әлі» шаруа қожалығы заманауи тәсілдерді қолданып, тамшылатып суару әдісіне көшкен.

Тірлігі дарияға тәуелді Сыр диқандары жылдан жылға суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайтып келеді. Соның бірі «Ер-Әлі» шаруашылығы. Биыл өңірде алғаш рет тамшылатып суару әдісімен 24 гектар жерге картоп екті. Егінге израильдік тәжірибені қолданған. Шығымы жақсы. Агрономдар әр гектарынан 50 центнерден өнім алуға ниетте.

Нұрлан Әбжаппаров, шаруашылық бригадирі:

Бұның артықшылығы көп тамшылатып суарудың. Біріншіден жерді тоздырмайды бұл. Баяғы біздің арықпен суаруда 70-80 пайызын шәйіп кетеді екен жердің құнарын. Ал қазір бұл 70-80 пайыз керісінше жерде қалады бұл.

Бау-бақшаға бет бұрған шаруашылық алма ағашын өсіруді де қолға алған. Бақта осы жемістің төрт сортынан 15 мыңға жуық түп бар. Былтырдан бері мол өнім беріп, жергілікті алма нарыққа шығып үлгерген.

Нұрбол Сисембаев, бағбан:

4 жылдың көлемі болды. Былтыр 15 тоннадай берді. Әр алманың өзінің бабы керек. Оны шығару үшін бабы керек. Әр қайсына витаминдер береміз, құрттардың витаминдерін береміз.

Мұнан бөлек, 5 гектар сәбіз бен біршама аумаққа қант қызылшасы егілген. Және барлығы тамшылатып суарылады. Егер тың тәжірибе өз жемісін берсе, келер жылы бақша дақылдарының көлемін әлі де арттыру көзделіп отыр.

Еркін Бекжанов, шаруашылық төрағасы:

Болашақта осылай су азая беретін болса, шаруашылықта 100-дің үстінде адам бар жұмыс істейтін, барлығы олардың айлығын беріп ұстап тұру қиын болатындықтан осы егістікті әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдар егіп, тәжірибе жасап жатырмыз. Шығымы жақсы.

Жалпы биыл су тапшылығынан аймақта күріш алқаптары былтырмен салыстырғанда 5,3 мың гектарға қысқарған. Дегенмен, диқандар оның орнын мал азығы, бақша дақылдарымен толтырып, суды үнемді пайдалануға бейімделіп келеді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу