Қостанай облысы аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы 9 жарым мың шақырымнан асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысы аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы 9 жарым мың шақырымнан асады

15.07.2022

Қостанай облысы аумағындағы жолдардың жалпы ұзындығы 9 жарым мың шақырымнан асады. Соның дені жарамсыз. Жылына миллиардтап қаржы бөлінсе де жөнделген жолдың өзінің сапасы сын көтермейді. Мысалы биыл алты ай ішінде жол құрылысымен айналысатын мердігерлерге 500 ескерту берілген.

Жол азабын тартып отырған әсіресе шалғай елді-мекендердің тұрғындары. Мысалы Аманкелді ауданына қарасты Қабырға ауылымен көктемгі су тасқыны кезінде апталап қатынас үзіледі. Себебі 45 шақырым жол әбден ескіріп мүжілген. Соның салдарынан оның бірнеше бөлігін ағын су басып қалады.

Серік Бәйкенов, Қабырға ауылының әкімі:

Ертеде салынған ғой бұл грейдер. Қазір отырған. Соны көтеріп, асфальт болмаса да қиыршық тас төсеп берсе. 7-8 жерден суағар құбьырларын салу керек.

Ал Жітіқара қаласынан небәрі 27 шақырым жердегі Чайковский ауылының жолы жарты ғасырдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Екі жыл бұрын тегістеліп, үстіне қиыршық тас төселгенімен әлі де қатынасқа қолайлы болмай тұр.

Ахмет Талдыбаев, Чайковский ауылының тұрғыны:

Жол деген мүлде жаман. Машина деген шыдамайды. Ходовка деген нәрсені жылына екі рет, үш рет жөндейміз. Жаңбыр жауса, мынау әйдік-әйдік машиналар, фуралар өте алмайды. Бір сутқа, екі сутка жолда тұрады.

Биыл Қостанай облысы бойынша 19 млдр теңге қаржыға 300 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Алайда аталған екі елді-мекен бұл жоспарға кірмей қалыпты. Жөнделіп жатқан жолдардың өзінде көп жағдайда тиісті техникалық талап сақталмайды. Алты ай ішінде тексеруші органдар мердігерлер жұмысынан 500 ге жуық олқылық тапқан.

Абылайхан Алшынбаев «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалының директоры:

Көбіне жолдың негізгі табаны дұрыс нығыздалмайды. Ал табаны бекімеген жолдың тез бұзылатыны баршаға аян. Шалғай аудандарда асфальт төсегенде тиісті температураны сақтамау жиі ұшырасады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздегі жол сапасын Президенттің өзі сынға алғаны мәлім. Яғни бұл саладағы олқылықтарды жою үшін мемлекет тарапынан шұғыл шаралар қабылдануы тиіс.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу