Елімізде жыл сайын 1,5 млн текше метр ағаш кесіледі. Оның 70 пайызға жуығы отын, қалғаны өндірістік мақсатқа пайдаланылады. Әсіресе қысы қытымыр, көгілдір отынмен қамтылмаған теріскей тұрғындары осы бастан жылыту маусымына қамданып жатыр. Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылының тұрғындары елді мекен іргесіндегі қайыңның 15 жылдан бері жөн-жосықсыз кесіліп жатқанына шағымданды. Көпшіліктің айтуынша соңғы жылдары тұтас ормандар жойылып жатыр. Мәселенің мән-жайын теріскейдегі әріптесім Эльмира Кәленова анықтаған еді.
Жарты ғасыр өскен ағаш қас-қағым сәтте отынға айналды. Ақсу ауылының маңындағы бірнеше орман осылай аяусыз оталып жатыр.
Асхат Жылқайдаров, Ақсу ауылының тұрғыны:
Жаппай кесу 10-15 жылдан артық болмаса, кем емес. Бұл алаңдатарлық жағдай. Себебі өскелең, біздің болашақ ұрпағымызға не қалады? Шығуын шығады, отаған, кескен жерлер. Бірақ бұған бір адамның ғұмыры керек.
Ақ қайыңдар өлкесі аталатын Солтүстік Қазақстанда 546 мың гектар орманды алқап бар. Орта есеппен 6 мыңнан астам гектары жыл сайын отынға және өндірістік мақсатқа кесіледі. Ал егілетіні 1 мың гекатарға жетпейді.
Эльмира Кәленова, тілші:
Бірер апта бұрын ғана мына жерде қалың орман болған. Қаулап өскен ағаштардан қалғаны мына шырпы. Ауыл тұрғындарының айтуынша қайыңның бәрі отынға кетіп жатыр.
Қазір заңды тұлғалар бір текше метр қайыңды жаздырып алу үшін 2900 теңге төлейді. Отын дайындаушылар оны кем дегенде 10 мың теңгеге сатады. Яғни, еселеп пайда табады.
Жанболат Қожақпаров, Ысқақ Ыбыраев ауылының тұрғыны:
92 куб жаздырып алдым. - 92 кубты не істейсіз? - Бір мәшинесін сатамыз ғой біз. 55 мыңнан сатып жатырмыз. - Неше текше метр бар бір машинада. - Бес.
Қазақстан ағаш қоры аз мемлекеттердің қатарында. Ел аумағының 5 пайызы ғана орманды алқап. Сондықтан оны бей-берекет отау кім-кімді болсын қынжылтады.
Қайролла Байтеңізов, Облыстық табиғи ресурстар басқармасы бөлімінің бас маманы:
Орман шіри бастағанда талап бойынша оны кесу керек. Орманшылар тұтынушыларға өздері қалаған жерден ағаш бере алмайды. Шал ақын ауданындағы жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Биыл өңірде 55 мың текше метр ағашты игеру жоспарланған. 30 пайызы орындалды.
Соңғы үш жылда теріскейде жер асты суларының көтерілуінен 17 мың гектар алқап қайың шіріп кеткен. Бұл үрдісті қолмен тоқтату мүмкін емес деген құзырлы органдар, әзірге шарасыз отыр.
Эльмира Кәленова