Елордада 9 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 9 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен

11.07.2022

Елордада 9 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Бұл соңғы алты айдағы көрсеткіш. Мектеп жасына дейінгі, яғни 2 жастан 7 жасқа дейінгі балалар терезеден жиі құлайды. Ал, жаз басталғалы қайғылы жағдай тіпті көбейген.

Жамбыл облысында жыл басынан бері 11 бала көпқабатты үйдің терезесінен құлаған. Бір сәби қайтыс болып, қалғаны түрлі дене жарақатын алған. Бұл облыс бойынша тіркелген жағдай:

Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

Үлкендердің қарауынсыз қалған 2 жасар бала бесінші қабаттағы пәтердің ашық терезесінен құлап қайтыс болды. Және 2 жастан 12 жасқа дейінгі он бала түрлі дене жарақатын алды. Бұл ретте 3 дерек аудандарда және 7 дерек Тараз қаласында тіркелді.

Жалпы балалар жарақатының басым бөлігі – биіктен құлаудан болып жатады дейді дәрігерлер. Ал жаздың аптап ыстығы енді басталып, терезе мен балкондар жиі ашылатын мезгілде мұндай оқыс оқиғалар тіпті көбейеді:

Мұхтар Ахмұрзаев, травматолог-ортопед:

Дәл қазір аптасына бір-екі бала міндетті түрде түсіп жатыр. Көп келетін жас аралығы мектепке дейінгі балалар. Көп жағдайда әке-шешелері жұмысқа кетіп, балаларын үйге қамап кетеді. Ал әлемді үйреніп келе жатқан балалар, бәрін көргісі келеді. Өкінішке орай терезеге қараймын деп есікті ашып жіберіп, ары қарай құлап кетіп жатады

Баланың ойы далада болғанмен, ананың ойы балада болмай тұр. Психолог маманның пікірінше біздің қоғам бала қауіпсіздігіне бей-жай қарайды. Және балабақша тапшылығы да басты себеп:

Ержан Мырзабаев, отбасылық психолог:

Бала қауіпсіздігі – елімізде немқұрайлы қарайтын тақырыптардың бірі. Бұған біріншіден қоғам дайын емес. Екіншіден қоғамды сауаттандыру жұмыстары аз боп бара жатыр. Мемлекет бұған байланысты баннер, ролик, клип, бала қауіпсіздігіне байланысты семинар-тренингтер өткізу керек. Егер жұмыс істеп жатқан ата-ана - балаларын қауіпсіз жерге қалдыру мүмкіндігі болса жағымсыз оқиғалар аз болатын еді. Балабақша өте үлкен проблема бізде.

Сонымен қатар техникалық қауіпсіздік қағидалары сақтала бермейді. Бала бар жерде терезеге тор салынуы тиіс. Оның бағалары 5 мың теңгеден басталады. Қымбаты 25-30 мың теңге. Халық әдетте қайғылы жағдай орын алғаннан кейін ғана қауіпсіздік торын орнатуға жүгінеді дейді маман:

Нұрлан Тасығожин, компания өкілі:

Өкінішке орай қазіргі кезде көп жағдайлар бала уже құлағаннан кейін - туыстарында құлап жатыр, көршілерінде, содан естіп бізге хабарласады. Маскитный сетка баланың салмағын көтере алмайды. Оны итерсе сонымен бірге құлап түседі. Онымен бірге тор орнату керек.

Бала жарақатының тағы бір себебі - дәстүрлі отбасылардың азайып бара жатқаны. Үйдегі немерені қарайтын ата мен әже керек. Бала да қауіпсіз. Үлкендерге де ермек болар еді дейді психологтар.

Дархан Рахымжан


Хабарламаларға жазылу