БҚО-да шаруалар киіктің кесірінен шығынға батқалы тұрмыз деп шырылдап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да шаруалар киіктің кесірінен шығынға батқалы тұрмыз деп шырылдап жатыр

10.07.2022

«Жез киік, біздің жаққа қалай келдің?» Кәкімбек Салықовтың дархан дала еркесі ақбөкенге арналған өлеңінен осы жолды бүгін «Жез киік, біздің жаққа қайдан ғана келдің?» деп өзгерту керек шығар. Соңғы бірнеше апта қоғамның қызу талқысындағы тақырып – киік ату мәселесі. Пандемия басталғанда ақбөкендердің көбейгеніне қуанып, арнайы «Апта» үшін материал әзірлеген едік. Ол кезде Сарыарқаның сайын даласына киіктер төлдеу үшін келіп, біз сол сәтке куә болдық. Жылда киіктер Қорғалжын жақта лақтарын өргізеді. Ол орынды қорықшылар қалжыңдап «перзентхана» деп те атап кеткен. Ал бұл мезгілді халық «құралай салқыны» деп атайтыны көпке мәлім. Көз сүйсінтіп, көңіл қуантатын кадрларды тағы бір берсек...

Ал биыл бұл көңіліміз су сепкендей басылды. Шаруалар «киіктер егінімізді таптап кетті» деп шағымданып жүріп, оларды ату туралы шешімге қол жеткізді, әйтеуір. Дау Батыс Қазақстаннан шыққан еді. Содан бері қоғам қақ жарылып, жақтағандар мен даттағандар болып желілерде «соғысып» жатыр.

Осы аптада киіктердің ауыл шаруашылығына тигізетін зиянын барынша азайту және Орал популяциясының мекендеу аумағын сақтау үшін «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты және Ащыөзек мемлекеттік табиғи қаумалы құрылды. Дегенмен, бөкендерді ату шешімі сол күйінде қалды. Бәлкім, киіктердің атылуы шаруалардан бұрын басқа бір топтың мүддесі шығар. Оларды кім атады? Еті мен мүйізі қайда кетеді? Неліктен әлсіздері емес, мылтық нысанасына қайсысы тисе, солар атылады? Сұрақ көп. Мардымды жауап бар ма? Бәлкім, менің эмоцияға берілгенім де дұрыс емес болар. Бірақ көз алдымнан жанарлары мөлт-мөлт еткен құралайлар кетпей қойды. Амангелді Сейтханның материалы.

Күйшілер күй, ақындар жыр арнаған, халқымыздың ұғымында киелі жануар саналатын киіктер соңғы кезде көбейе бастап еді, оларға қатысты дау да көбейді. Әсіресе, биыл Батыс Қазақстандық шаруалар киіктің кесірінен шығынға батқалы тұрмыз деп шырылдап жатыр. Өйткені, ақбөкендер даладағы егін мен шабындықты түгел таптап кетеді,- дейді.

Қайдар Ғайсин, шаруа:

Менің мына жерде 1400 гектар жерім бар. 1400 гектарда 200 мың ба, 300 мың ба киік жатыр. Біз ертең осы жерден ешқандай шөп шаба алмаймыз. Мына киік дейтін қалай қоршасаң да бұзып өтеді. Электропастукқа тоқтамайды, көп келгенде өтіп кетеді. Бүкіл сымыңның бәрін үзеді. Енді анау сеткамен қоршауға біздің жағдайымыз жетпейді.

Ақмола мен Қостанай облысында да осы жағдай. Мәселен, Жанкелдин ауданы Бидайық ауылының диқандары жылда бір гектардан 8 центнер өнім алса қуанатын. Киіктің егінге түсуінің кесірінен бұл көрсеткіш былтыр 3 центнерге азайған. Тығырықтан шығу үшін шаруалар алқаптарды қоршамақ болған, алайда, оған қыруар қаржы қажет.

Қайрат Райысов, шаруа:

Менің өз жерімді былтыр есептегенімде қоршау үшін 125 млн теңге қажет. Бұл мен үшін екі комбайнның құны. Жалғыз мен емес басқалар да бар. Бұл ақша әжептәуір өседі. Мысалы шетелдерде аңды қорғау үшін заң қабылдағанда оның бәрінде қоршау қарап отырсаң. Сол жерді қоршап берсе біздің киікте де, басқада да шатағымыз жоқ.

Шаруалар егіні мен шабындығын қорғауға мемлекеттік мекемелерден көмек сұраған. Ал, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жақында Орал популяциясына жататын киіктердің 10 пайызын яғни, 800 мың киіктің 80 мыңын атуға шешім қабылданғанын хабарлады.

Нұрлан Қылышбаев, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы:

Біз жұмыс тобын құрып жатырмыз қазір. Нақты аңшыларды шақырып, соларды кіргізіп...
-Жеке аңшылар ма?
-Жоқ, қауымдастықтан.
-Жека аңшылар келмейді...
-Енді олар қауымдастық мүшесі болса мүмкін енді.

Министрлік мәліметінше, қазір еліміздегі киіктер саны 1 млн 300 мыңның маңайында. Олардың өсу қарқыны жылына 40 пайызға жеткен. Сондықтан, киік санын қолдан реттеу қажет, - дейді. Ал, неге 80 мың десеңіз, бұл санды зоология институтының ғалымдары ұсынған.

Алексей Грачев, ҚР БҒМ Зоология институтының териология зертханасының меңгерушісі:

Киіктерді 10 пайызға азайту мәселені шешпейді деп жатқандар бар. Бірақ, біз елдегі 1 млн 300 мың киіктің он пайызын емес, дәл сол Батыс Қазақстандағы, әсіресе, шаруалардың жерлерінің аумағында жүрген киіктерді атуды ұсынып отырмыз.

Экология министрлігі киік атудың артында пайда табу мақсаты тұрмағанын, бұл мәжбүрлі шара екенін айтты.

Нұрлан Қылышбаев, ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы:

Ақшаны охотзоопромның шығыстарына байланысты. Одан пайда табу мақсатын қойып жатқан жоқпыз. Мүйізден түседі ғой. Мүйізі ешқайда сатылмайды. Оны біз қоймада сақтаймыз.

Қазақстан мүйізді сатқысы келсе де сата алмайды. шектеу бар. Ал, етін азық ретінде пайдалануға болады. Бірақ, тәуелсіз сарапшы, экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет құзырлы органдар мәселені киіктерді атумен ғана шешкісі келетінін, неге басқа балама ұсынбай отырғанын түсінбейді. Сондай-ақ, аудандарда шаруалар бас көтергенімен, ел бойынша қанша шығын келгеніне нақты есеп те көрмеген.

Сәкен Ділдахмет, экологиялық шолушы: 

Ауыл шаруашылық министрлігі нақты киіктен келген шығынды анықтау керек. Осы шығынынң аясында субсидия ретінде, мүмкін олар алып жатқан несиелерге сақтандыру пайызы мөлшері беріле ме. Кеңес үкіметінде 30-40 млн малдың ішінде 3-4 млн киік оп оңай жайылып жүрді.

Сәкеннің ойынша, біз мәселенің себебімен емес, салдарымен күреспекпіз. Өйткені, бізде киіктердің ары-бері көшуіне жағдай жоқ. Латифундстер көптеген жерді ұзақ мерзімге жалға алған, бірақ оны игермей өзге тұрғындарға кедергі келтіреді. Міне, мемлекет сол жерлерді қайтарып алуы керек, - дейді ол.

Сәкен Ділдахмет, экологиялық шолушы:

Менің ұсынысым киіктердің миграциялық жолдарын қалыпқа келтіру керек. Бұл қалай болады. Жерге ревизия жүргізілу керек. Киікке көп жолы керек емес. Одан кейін бізде әр облысты байланыстыратын үлкен тас жолдар салынды. Ол жолмен киік көшеді, бірақ ешбір экодук жоқ. Ол ертең өте алмайды, қайтып сол ауданда жиналып өсе береді. Киік қазір Батыс Қазақстаннан не Ақтауға не Ақтөбеге көше алмайды.

Сәкен киіктерді атпас бұрын олардың санын 2-3 млннан асыру керек деп есептейді. Содан кейін ғана жыл сайын өндірістік мақсатта 20-30 пайызын атса да, популяциясы азаймайды. Бірақ, қоғамда киікті атуға түбегейлі қарсылар да бар.

Мәселен, Kazislam.kz порталы әлеуметтік желіде «80 мың ақбөкенді ату керек пе?» деп сауалнама өткізген. Жауап бергендердің 65 пайызы «Жоқ, киіктің киесі ұрады» деген нұсқаны таңдапты.

Осылайша, бұл тақырып әлі де талқыланып жатыр. Енді мына қызықты қараңыз. Ақмола облысының шаруалары киіктердің 10 пайызын ату мәселені шешпейді дейді.

Марат Жүсіпов, Шаруа қожалығының директоры:

60 гектар егінді жоқ қылдырып жіберді. 20 адам отбасымен жұмыс істейді. Осы проблема шешілмесе 20 отбасы жалақысыз қалады. Жаңағы айтып жатқан мәселені шеше алмайды.Тіпті ол де шеше алмай ма? Шеше алмайды.

Атбасар районында 120-150 мың сайгак жүр. 150 мыңнан 10 процент алып тастасаң, 130 мың қалады. Ол 150-130 проблема решатталмайды ғой.

Сонда 10 пайыздан да көбірек азайту керек пе? Осы тұста тағы бір ақпарат. Ақмола мен Қостанай облысында киіктің 10 пайызын емес, биыл 2,5 пайызын ғана ату көзделген. Демек, бұл қаншалықты қисынды? Ал, «Ақбөкен» бастамашыл тобының мүшесі Мейір Сәкенұлы мынадай ой айтты:

Егер биыл киіктер шаруаларға қажетті шөп пен бидайды отап кеткен болса, киіктерді күзде атудың пайдасы қанша? Мағына қайда? Келесі жылдың қамын ойлап отыр дейін десек, сіздер бүгінгі күнді айтып отырсыздар.

Бірақ, 80 мың киікті атуға шешім қабылданып қойған. Жұмыс қыркүйекте басталмақ. Оған дейін не өзгеретіні белгісіз. Ал, біз сөз соңында киіктердің санын 1 млннан асыру үшін, оларды жанын беріп қорғап, соңғы 3 жылда 3 инспектордың қайтыс болғанын еске салғымыз келеді.

Амангелді Сейтхан

Хабарламаларға жазылу