Жапонияның экс-премьер-министрі Синдзо Абэ қастандықтан кейін қаза тапса керек. Мұны әлем ақпарат құралдары хабарлап жатыр.
Бұрынғы үкімет басшысын қарулы адам бүгін Нара қаласында сөз сөйлеп тұрғанда арқасынан екі рет атқан. «Абэ ауруханаға жеткізілді, соңғы дерек бойынша оның жүрегі мен өкпесі тоқтап қалған. Бұл Абэнің өлгенін білдіруі мүмкін», - деп хабарлайды BBC-дің Токиодағы тілшісі. Дегенмен, бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ. Абэге шабуыл жасады деген күдікпен 41 жастағы тұрғын тұтқындалды.
67 жастағы Синдзо Абэ – Жапонияның бұрынғы сыртқы істер министрінің баласы. Ол алғаш рет 2006 жылы билікке келіп, елдің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тарихындағы ең жас премьері атанды. Ал, 2012 жылы Абэ министрлер кабинеті тізгінін қайта қолға алды. Айта кетсек, Абэ 2020 жылы премьер-министр қызметінен кеткенімен, Жапонияның билеуші Либерал-демократиялық партиясының беделді тұлғасы болып қала берді.
Арыстан Рысбек