Атырау: Зауыттағы апаттан үш жұмысшының бірі ауыр халде жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау: Зауыттағы апаттан үш жұмысшының бірі ауыр халде жатыр

07.07.2022

Атыраудағы Теңіз мұнай кен орнында жұмысшы мерт болған «Сенімді құрылыс» компаниясы қызметін уақытша тоқтатты. Қазір құбыр жарылысынан аман қалған 3 адамның бірі ауыр халде жатыр.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан құбырға бекітілген темір қақпақтың ұшып кеткені анық байқалады. Оқиға Теңіз мұнай кенішінің жаңа бөлігіндегі 42-ші учаскеде болды. 15 шақты адам кешендегі құбырға гидротест жүргізеді. Сол сәтте қатты қысымға шыдамай құбыр желісінің бір бөлігі үзіліп, салдарынан 2 жұмысшы опат болады. 3 адам жарақат алды. Біреуі жан сақтау бөлімінде жатыр.

Асхан Байдуәлиев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Бауырдан, бүйректен көп жарақаттар болып, содан тігу операциялары, орнына қалдыру операциялары жасалды. Және өт жолдарының үзілгеніне байланысты холецесттік операциясы жасалды. Қыбырғалары сынған.

2 жұмысшысы қаза тапқан «Сенімді құрылыс» компаниясы Теңіз алаңында 1993 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы оқиғадан кейін, тергеу аяқталғанша жұмысын уақытша тоқатып, қарамағындағы 8 мың маманның 3 мыңдайын демалысқа жіберді.

Гүлмира Батпанова, «Сенімді құрылыс» компаниясының өндірістік қатынастар жөніндегі менеджері:

Кеше оқиғадан кейін басшылық осы жұмысшылардың бәрін, қызметкерлерді отбасымен бірге болсын деп, шешім қабылдады. Барлығы үйлеріне қайтарылды. Тоқтамайтын жұмыстар бар экстренно, солар жұмыс істеп жатыр.

Марқұмдардың бірінің артында кәмелет жасына толмаған 2 баласы қалды. Олардың отбасына 10 млн теңге көлемінде көмек беріледі. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу бабының 3- бөлігі негізінде , яғни абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет бойынша іс қозғалды. Айта кеткен жөн, жүз мыңға жуық жұмысшының күшімен салынып жатқан зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Іске қосылғаннан кейін қара алтын игеру көлемі Теңізде 39 млн тоннаға жетпек.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу