Баспанамен қамту: Мұқтаж азаматтардың орталықтандырылған есебі жасалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Баспанамен қамту: Мұқтаж азаматтардың орталықтандырылған есебі жасалады

05.07.2022

Елімізде азаматтарды тұрғын үймен қамтудың жаңа тетіктері әзірленді. Баспанаға мұқтаж азаматтардың орталықтандырылған есебі жасалады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Сонымен қатар, арендалық төлемдерді субсидиялау мен ауылдық жерлерде баспана салу бойынша қолдау шаралары ескерілген.

Баспанамен қамту: Мұқтаж азаматтардың орталықтандырылған есебі жасалады

Елде ипотекаға деген сұраныс төмендеуі мүмкін. Құрылысшылардың пәтер саудасы да баяулайды. Бұған зейнетақы жинағының баспанаға жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуі де себеп. Сондықтан елде жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылуы мүмкін. Екінші деңгейлі банктердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылып отыр.

Қанат Шарлапаев, «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы:

«Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5%-дан аспайтын ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7% субсидияланады».

«Отбасы банкінің» базасында «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланып отыр. Мұнда баспанаға мұқтаж азаматтардың орталықтандырылған есебі жасалады. Жаңашылдық тұрғын үй алу рәсімін жеңілдетуге және баспананы әділ бөлуге мүмкіндік береді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

"Бірінші кезекте азаматтардың тұрғын үйдің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталып отыр. Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу "бір терезе" қағидаты бойынша бір орталықтан ашық түрде жүргізілетін болады".

Жиында мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту шаралары да пысықталды. Мұндай азаматтарға ұсынылатын қызметтер мен техникалық құралдар арнайы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылады. Биылдың өзінде порталда 214 мың қызмет көрсетілген. Құрал-жабдықтар мен қызметтерді әркім өзі таңдай алады.

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

«2021 жылы порталдың іске қосылуы жеке оңалту бағдарламаларының орындалуын 87 пайызға жеткізді. Сонымен бірге, оңалтуға қажетті құралдармен және қызметтермен қамтамасыз ету мерзімін 8 айдан 14 күнге дейін қысқарттық».

Қазір мүгедектік туралы анықтама беру талаптары жеңілдеді. Азаматтардың денсаулығы туралы мәлімет пен дәрігер қорытындысы медициналық ақпарат жүйесіне енгізіледі. Ондағы ақпарат Еңбек министрлігіндегі мәліметтер базасына түседі.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

«Енді жеке кәсіпкерлік субъектілерін мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа алуы үшін ынталандыратын боламыз. Өңір әкімдіктері жыл соңына дейін мұқтаж адамдарды техникалық құралдармен және сауықтыру қызметтерімен қамту көрсеткішін 90%-ке және 2023 жылдың соңына қарай 100% жеткізсін».

Бұдан былай елді дамытуға мүмкіндігі шектеулі жандардың да әлеуетін пайдалануға басымдық беріледі. Қазір 25 мыңға жуық нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген. Бірақ олардың 23 пайызы ғана бекітілген стандарттарға сай келеді. Сондықтан жиында нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ететін ұлттық стандарттарды қайта қарау да ұсынылды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу