Таразда айып тұрағындағы екі автобус жоғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда айып тұрағындағы екі автобус жоғалды

04.07.2022

Таразда құны 25 мың доллар тұратын екі автобус айып тұрағынан жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен. Екі жылдан бері талай адам тергелсе де, құзырлы орган қылмысты ашуға құлық танытпай отыр, дейді көлік иесі. Айдың күннің аманында мүлкінен айырылған тұрғын енді қайда барып шағымданарын білмей дал. Дулат Әлиев осыдан 3 жыл бұрын көліктерін несие алу үшін кепілге қойған. Несие уақытылы төленбеген соң автобустары айып тұрағына жабылған. Алайда 3 айдан кейін банк алдындағы берешегін төлеген тұрғын көлігін алып кетуге келгенде төбесінен жай түскендей болады. Өйткені бейнебақылауы мен арнайы күзеті бар мемлекеттік тұрақтағы көліктері жоқ болып шыққан. Содан бері талай мәрте құқық қорғау органдарына шағымданса да, еш нәтиже болмаған.

Дулат Әлиев, қала тұрғыны:
Күдікті бар. Алып кеткен адам белгілі. Күзетшілер ап кеткен адамды сипаттап отыр. Ол қайда өткізді? Оның бәрі белгілі. Металомға апарып өткізіп жіберген ғой. Жауап беретін тікелей осы айып тұрағының бастығы бар. Солар жауап беру керек. Қарауылдап қамтамасыз ете алмайтын болса айып тұраққа қоймаңыздар.
Осы уақытқа дейін 29 күдікті тергелген. Бірақ, барлығы кінәсіз деп танылған. Ал, Полиция департаменті өкілдері тағы да күдіктілерді ұстағанын, қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты.

Қанат Қожамқұлов, облыстық ПД бөлім бастығы:
Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде, ағымдағы жылдың 6 айында облыс аумағында автокөлікті заңсыз айдап алып кетудің тіркелуі, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда -15,4%-ға кеміп отыр. Орын алған деректердің ішінде екеуі айып тұрағына қойылған автокөлікті заңсыз айдап алып кету. Бұл деректер бойынша қазіргі уақытта күдікті тұлғалар анықталды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Хабарламаларға жазылу