Әуесқой аңшылар мен қарапайым тұрғындарға киік атуға рұқсат берілмейді. Бұл шаруамен арнайы мекеме мамандары ғана айналысады. Соңғы санақ бойынша, 1 млн 300 мың киік бар. Орал популяциясы 800 мыңға жеткен. Ғалымдар биологиялық негіздеме жасап, 80 мың киікті ату арқылы олардын санын реттеуге болады деп отыр. Елордада өткен брифингте жұмыстың қалай іске асатыны айтылды. Жоспар бойынша жануарлардың еті өңделіп, нарықта сатылады. Мүйіздері әзірге бір жерде жиналады. Жалпы, киіктер мәселесі шаруалардан шағым түскен соң көтерілді. Бөкендер Батыс, Ақмола және Қостанай облысында егіс алқаптарын таптап жатыр. Сондықтан, күзге қарай санын реттеу басталады.
Бауыржан Исақаев, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бас сарапшысы:
Арнайы рұқсатпен атылады. Ол рұқсат «Охотзоопром» мекемесіне беріледі. Ол мекеме жауапты адамдардың тізімін көрсетеді және ату процессі ветеринарлардың, біздің мамандардың қатаң бақылауымен өтеді.
Кездесуде киіктерге қатысты бірнеше сұрақ қойылғанымен, көбіне нақты жауап берілмеді. Жануарлардың миграциялық жолының жабылғаны, кезінде киіктер мекен еткен жерлер ауыл шаруашылық мақсатта пайдаланылып жатқаны да сөз болды. Авто және темір жол салынғанда жануарлар өтетін дәліздердің жасалмағаны да айтылды.
Сәкен Ділдахмет, тәуелсіз экологиялық шолушы:
Осының бәрінің алдын алу керек еді еді. Енді бүгінде Батыс Қазақстанға 800 мың киік шоғырланғаннан кейін, не ары Ақтөбе облысына, не бері Атырау облысына бара алмайды, осындай себептерге байланысты. Сондықтан қазір осындай мәселе шығып тұр. Мұны ҚР Үкіметі кешенді түрде шешу керек. Бір ғана киікті атумен бұл шешілмейді. Оларды биыл атқанымен келесі жылы да өседі.
Берік Көшербай