Нидерланд: Азоттың мөлшерін азайту жоспарына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нидерланд: Азоттың мөлшерін азайту жоспарына қарсы

01.07.2022

Нидерландта фермерлердің ереуілі толастамай тұр. Шаруалар тас жолдарды жауып, полициямен қақтығысып, елдің бірнеше аймағында наразылық акциясын ұйымдастыруда. Олар биліктегілердің қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаңа жоспарына қарсы. Нидерланд үкіметі 2030 жылға қарай малдың санын азайту арқылы ауаға тарайтын азоттың мөлшерін 50 пайызға қысқартуды көздеп отыр.

«Ферма жоқ болса-тамақ жоқ»деп ұрандатқан 40 мыңнан астам фермер билікке базынасын жеткізу үшін елдің түкпір-түкпірінен жиналды. Үкіметтің жаңа ережесіне сәйкес, енді олар егінге азотты тыңайтқыш пайдалануды тоқтатып, тезегі арқылы ауаға аммиак шығаратын сиыр мен доңыздың санын қысқартуы тиіс.

Берн Деккер, фермер:

Ауаға зиянды қалдық өндірістен, көліктен емес, ауылшаруашылығынан, малдың жапасынан көп тарайды дегеннің өзі күлкілі. Атадан балаға мирас болған шаруашылығымызды тоқтату әділетсіздік.

Кристин ван Горф, фермер:

Табиғи қорықтар орналасқан аймақтардағы мал шаруашылығымен айналысатындар ауаға тарайтын аммиактың мөлшерін 70 пайызға қысқартуы керек-дейді. Қалай? Сонда біз қожалығымыздағы малдың бәрін қыруымыз керек қой. Оған қарсымыз.

Нан тауып отырған кәсіптерінен айырылмау үшін соңына дейін күресеміз деген фермерлер сиырларын парламенттің алдына әкеп жайды. Тракторларымен үлкен трассаларды жауып, көлік қозғалысын қиындатты. Табиғат және азот министріне қоқан-лоқы көрсетіп, есігінің алдына тезек төңкерді.

Тәртіп сақшылары екі аптадан бері кезек-кезек табиғат және азот министрінің үйін күзетіп тұр. Шенеуніктің көршілерінен де маза кеткен.

Хельда Янсен, Гаага қаласының тұрғыны:

21 ғасырда полицияның көлігін сындыру, министрді қорқытып, жеке меншігіне қол сұғу-сұмдық. Әшейінде бізде демократия дамыған деп, өзгелерді сынаймыз. Өзіміз мәселені келіссөзбен шеше алмай отқанымыз ұят.

Үкімет оң шешім қабылдамайынша фермерлер тоқтамақ емес. Ашынған шаруалар келесі аптада елдің әуежай, теңіз порттарының жұмысына кедергі келтіріп, ереуілді жалғастырмақ.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу