Елордадағы мектепте алғаш рет жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы мектепте алғаш рет жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай ашылды

01.07.2022

Елордадағы мектепте алғаш рет жыл бойы жұмыс істейтін жылыжай ашылды. Бұл Болат Өтемұратов қорының «Жасыл мектеп» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бұған дейін дәл осындай тәжірибе Алматы қаласында жасалған. Өткен оқу жылында шаһардың 16 мектебінде 1 тоннадан астам өнім жиналған. Жоба жетекшілері елордалық оқушылардан да жақсы нәтиже күтіп отыр.

Жылыжайдағы бақша өнімдерін баптайтын бағбандар емес, оқушылар. Эко-жоба балаларға табиғатты қорғауды ғана насихаттамай, өсімдікті өсіріп, өнім алу жолдарын теориялық-тәжірибелік тұрғыда үйретеді.

Ілияс Мықтыбек, оқушы:

Біздің білім ордамызда салынып жатқанына мен өте қуаныштымын. Және де біз «Жасыл мектеп» оқушылары эко әлемді қалыптастыруға өз күшімізді саламыз деп уәде ете аламын.

Жоспар бойынша 45 күннен кейін қияр, қызанақ, болгар бұрышы алғашқы жемісін береді. Мұндай жобаларды қор 3 жыл бойы қаржыландырады. Әрі қарай мектеп меншігіне өтеді.

Абай Нұрмұханов, жоба жетекшісі:

Қор тарапынан біздерде 4 координатор болады. Координаторларымыз олар өздері нағыз фермер мамандар, агрономдар. Олар бүкіл мұғалімдермен бірлесіп жұмыс жасайды.

Бұл жылыжайлар поликорбанаттан салынған. Алматыдағысы бір қабаттан тұрса, елордада екі қабатты. Құрастырушылар мұны ауа райын ескеріп жасаған. Жоба серіктестерінің айтуынша, балаларға жыл бойы тәжірибелі агрономдар дәріс береді.

Бақытгүл Елшібаева, жоба серіктесі:

Бұл жерде балаларға әр түрлі өсімдіктер өсіруге мүмкіндік береміз. Біз енді фермерлермен жұмыс істегенде ол жерде бизнес ретінде қарағанда бір түрлі көкөністі өнімді көбірек алуға, ертерек алуға бағытталған ғой.

Эко-жоба былтыр Алматыда басталған. Оқушылар алғашқы өнімді қыстыгүні көпбалалы, жағдайы төмен отбасыларға таратқан. Ал елордада жылыжай қазір тек 1 мектепте болса, оқу жылы басталғанша оның саны 20-ға жеткізілмек. Сонымен бірге, келер жылы шымкенттік мектептерде де жылыжайлар пайда болмақ.

Асылбек Данияр


Хабарламаларға жазылу