Ақтауда бұрын соңды болмаған саябақ салынып жатыр. Жоба жүзеге асқанда тұрғындар спортпен шұғылданып, жасыл желектің ортасында тынығуға мүмкіндік алады.
Бірегей жоба 40-шы шағын ауданда бой көтерді. Аумағы-23 гектар. Бұл салыстырмалы түрде, бүтін бір шағын ауданның көлемімен тең. Соның 15 гектарына жасыл желек егілуде. Өсімдіктерге тамшылата суару әдісімен, жер асты суы пайдаланылуда. Саябақтың аумағында 11 субұрқақтың құрылысы жүріп жатыр.
Сондай-ақ, спорт кешені салынуда. Одан бөлек, футбол, волейбол алаңдары, жүгіруге, велосипед, ролик тебуге арналған жолдар мен балаларға арналған жабық атракциондар болады. Заманауи технологиямен салынып жатқан құрылыс жұмыстарына 200 ден астам адам жұмылдырылған. Жобаға 2 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалуда. Айта кетейік, саябақ - жергілікті инвестордың Ақтау қаласына тартуы.
Нұрдәулет Қилыбай, Ақтау қаласының әкімі:
Келесі жазда бұйыртса халық ішінде тынығып жүреді деп есептеп отырмыз, келесі жазда емес мүмкін тіпті осы күздің орталарында да келіп, таңертең жүгіремін, велосипед тебемін деген кісілерге дайын болып қалады деп есептеп отырмыз. Үлкен жоба. сондықтан сәл асықпай болса да сапалы жасау керек бұны. Қалаға келетін туристердің де, қаланың тұрғындарының да негізгі демалатын жері осы болса екен деп ойлаймын.