Түркияда бірнеше елдімекен су астында қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда бірнеше елдімекен су астында қалды

30.06.2022

Түркияның солтүстігіндегі аймақтарда бірнеше күннен бері сел толастар емес. Тоқтаусыз құйған нөсер жауыннан өзендер арнасынан асып, бірнеше елдімекен су астында қалған. Су басқан қалаларда қираған көпқабатты үйлер де бар. Әзірге қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Бүгін сел басқан бірнеше қалада судың беті қайтты. Дегенмен әлі де бірқатар елдімекендер мен жолдар су астында. Селдің кесірінен бірнеше көпқабатты үй құлаған. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша жараланғандар мен қаза тапқандар жоқ. Алайда із-түссіз кеткен екі адам бірнеше күннен бері іздестіріліп жатыр. Бүгінге дейін апат аймағынан екі мың сегіз жүз отыз адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Сүлейман Сойлу, Түркияның ішкі істер министрі:

Селден зақымданған үйлердің барлығын анықтадық. Қазір өзендердің бойында тұрған үйлерден басқа ғимараттарда еш қауіп жоқ. Тұрғындар өз үйлеріне қайта алады. Ал енді үйі жарамсыз күйге түскен азаматтар тиісті көмек алады. Біз анықтағанымыздай, барлығы 1053 ғимаратты су басқан. Олардың 518-і тұрғын үй, 167-сі жұмыс орны, қалғандары қоймалар мен қоралар. Қазір барлық елдімекендерде электр қуаты қалпына келтірілді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Сондай-ақ, 21 мың егіс алқабы су астында қалған. Қазір арнайы комиссия селден зақым келген ауыл шаруашылығы жерлерін анықтап, диқандарға өтем жасау мәселесін қарастырып жатыр. Ал синоптиктердің хабарлауынша алдағы екі күнде жауын тоқтамайды. Тіпті антициклон елдің орталығына қарай ығысып, ертең ел астанасы Анкара қаласында да нөсер жаңбыр жауады деген болжам бар. Мамандар халықты үрейге бой алдырмай, сабырлық сақтауға шақырды.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу