Түркияда өзендер арнасынан асып, елдімекендерді су басты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда өзендер арнасынан асып, елдімекендерді су басты

30.06.2022

Түркияның солтүстігіндегі аймақтарда бір аптадан бері сел толастар емес.

Нөсер жауыннан кейін өзендер арнасынан асып, бірнеше елді-мекен су астында қалды. Су басқан қалаларда көпқабатты үйлер қираған. Сондай-ақ, су шайып кеткен бірқатар қалааралық тас жолы жабылды. Әзірге қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ. Дегенмен із-түссіз кеткен екі адам іздестіріліп жатыр. Бүгінге дейін апат аймағынан 2019 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Синоптиктердің хабарлауынша, алдағы екі күнде жауын тоқтамайды. Тіпті антициклон елдің орталығына қарай ығысып, ертең ел астанасы Анкара қаласында да нөсер жаңбыр жауады деген болжам бар. Мамандар халықты үрейге бой алдырмай, сабырлық сақтауға шақырды.

Сүлейман Сойлу Түркияның ішкі істер министрі:

Селден зақымданған үйлердің барлығын анықтадық. Қазір дәл өзендердің бойында тұрған үйлерден басқа ғимараттарда еш қауіп жоқ. Тұрғындар өз үйлеріне қайта алады. Ал енді үйі жарамсыз күйге түскен азаматтар тиісті көмек алады. Біз анықтағанымыздай, барлығы 1053 ғимаратты су басқан. Олардың 518-і тұрғын үй, 167-сі жұмыс орны, қалғандары қоймалар мен қоралар. Қазір барлық елдімекендерде электр қуаты қалпына келтірілді.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу